Госорганы

Тәуелсіздік жылдарында Маңғыстаудағы халық саны 2,5 есеге өсті – Тоқаев

Президент өңірді дамытуға арнайы жоспар қабылданып, қаржы бөлінгенін айтты 

Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары барысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев өңір халқының саны 2,5 есеге өскенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Тәуелсіздік жылдарында облыстағы халық саны 2,5 есеге өсті. Өңірде халық санының күрт көбеюіне байланысты бірқатар мәселелер бар. Оны біз жақсы білеміз. Мүмкіндікке қарай бәрін біртіндеп шешіп жатырмыз.

Жалпы, Маңғыстау облысы әрдайым менің ерекше назарымда. Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен кезде ең алдымен киелі Түркістан мен Маңғыстауға барғанымды білесіздер», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірдің тыныс-тіршілігін жақсартуға айрықша мән беріліп отырғанын айтты.

«Былтыр осында арнайы келіп, облысты дамыту туралы ауқымды жиын өткіздім. Үкімет пен әкімдікке Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырдым. Құжат қабылданып, оны жүзеге асыруға тиісті қаражат бөлінді.

Өңірдің бәріне бірдей арнайы жоспар қабылданып жатқан жоқ. Осының өзі Маңғыстау жұртының тыныс-тіршілігін жақсартуға айрықша мән беретінімізді көрсетеді. Ендігі міндет – бұл жоспарды мүлтіксіз орындап, өңірді көркейту.

Тоғыз жолдың торабында тұрған қазыналы өлкені жан-жақты өркендетуге толық мүмкіндік бар. Маңғыстау облысы қай тұрғыдан алып қарасақ та, ерекше аймақ», — деді ол.

 

 

Другие новости

Back to top button