«Tasqyn» цифрлық жүйесіне су тасу қаупі бар өзендердің деректері енген
Қазақстанда су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін «Tasqyn» цифрлық ақпараттық жүйесі әзірленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Tasqyn» жүйесін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Су ресурстары және ирригация, экология және табиғи ресурстар, төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп әзірлеген. Цифрлық жүйе су қоймаларына судың келуін болжау және өзендердің көктемгі ағынын автоматтандыру, сондай-ақ цифрлық болжау гидрографы арқылы су басу аймақтарын модельдеуге мүмкіндік береді.
«Бұл ақпараттық жүйе төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жаһандық GLOFAS жүйесімен біріктірілген, онда елдегі 17 мың өзеннің деректер базасы бар, олардың арасында су тасу қаупі бар өзендер де бар. Жүйеде метеостанциялар, гидробекеттер, ауыл шаруашылығы жерлері, мал қорымдары, теміржол және автомобиль жолдары, электр желілері туралы мәліметтер көрсетіледі. Су қоймалары бойынша ағымдағы және жоспарлы су ағызуды көрсететін бақылау жүйесі бар. Мысалы, республикалық меншіктегі 86 ірі су қоймасы цифрландырылды, әрқайсысы бойынша су көлемі, келуі және ағызылуы жөнінде функционал енгізілді», — деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Сенатта өткен үкімет сағатында.
Сонымен қатар, министрлік орталық, солтүстік және батыс аймақтардағы өзендердің басым учаскелерінде батиметриялық түсірілім жүргізген. Олардың нәтижелері «Tasqyn» ақпараттық жүйесіне енгізіліп жатыр.
Вице-министрдің айтуынша, «Tasqyn» жүйесі су шығыны мен өзен деңгейінің ұзақ мерзімді (30 күн) және қысқа мерзімді (15 күн) болжамын жасай алады, сондай-ақ ықтимал су басу аймақтарын 7 күнге дейін 85% дәлдікпен модельдейді.