Социум

Тақия, қасаба мен сәукеле

Соңғы уақытта қазақтың ұлттық киімін күнделікті кию трендке айналды. Сондай киімнің бірі – тақия.  Әйтсе де ұлттық киімдерді киюдің өз жөн-жосығы бар. Оны біле жүрген артық емес.   

Үкілі тақияны бүлдіршін қыздар мен тұрмысқа шықпаған бойжеткен қыздар киген.  Тақия қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түсті барқыт тәрізді матадан сырып тігілген.  Ал орамал – тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Жас қыздардың ажарын аша түсетін тақия зерлі тігіспен, әртүрлі моншақтармен, маржан тастармен әшекейленген. Үкілі тақия қазақ қыздары ерекше ұнатып киетін бас киім болған.

Бойжеткен қыздардың тағы бір бас киімі – кәмшат бөрік. Қыздар киетін бөріктің ерлер бөркінен айырмашылығы бар.

Жалпы халқымызда тұрмысқа шықпаған қыздар киетін бас киім тұтасымен – үлгісі, әшекейі, теңге-моншағы, ою-өрнегі, кесте зері, матасы мен оның түсі – бәрі-бәрі тек қыздарға арнап жасалғанын білдіріп тұрады.

«Қасабалы бойжеткен» деген тіркес көпшілікке таныс. Қасаба – үшкірлеу төбесіне бір шоқ үкі қадап, маңдай тұсын түгелдей асыл тас, алтын-күміс әшекейлермен безендіріп, оң жақ самай тұсына 5-6 қатардан ілмелі моншақ пен күміс қоңыраушалар байлап, ұзын салпыншақты етіп жасалған қыз тақиясының бір түрі.

Этнографтардың айтуынша, «қасаба»  сөзі «алтын  зерлі» деген мағынаны білдіреді. Ол тек қымбат матадан тігіледі. Қасабаның құламасына шашақтар тағылады. Мұндағы шашақтың көп тағылуы «ұрпағы көбейсін» деген игі тілекті білдіреді. Қасабаны орамалдың үстінен де киген. Қазіргі заманда қасабаны жас қыздар ғана емес, әйелдер де киеді.

Қыздарға арналған бас киімнің ерекше түрі – сәукеле. Қыз ұзатылар алдында сәукеле дайындалады. Қыз жасауының ең қымбаты – осы сәукеле болған.  Сәукелеге асыл тастар, маржан, меруерт, алтын-күміс, түрлі теңге, оқа тағылған. Таза жібек, бағалы аң терісі қолданылған.

Бұрынғы деректерде құны жүз жылқыға, жүз түйеге тең сәукелелер болған дейді. Осы қымбат бас киім келін болып түскен жерде той біткенше ғана киіледі. Той өткен соң оны іліп қойып, орнына алтын бергекті желек киеді, оны шыт тарту дейді.

Шыт тарту – орамалмен басты бір орап, желке тұсынан байлап қояды.  Орамалдың төрт бұрышы кестеленіп, ою-өрнек тігіледі, оның өрнекті тұсын маңдайына келтіріп бүктеп тартады.

Этнограф Жағда Бабалықұлының деректері бойынша, әйелдер бас киімінің ішінде ең көп кездесетін түрлері: кимешек, шылауыш, күндік, орамал, шаршы, шәлі, шыт, жібек шәлі, бөртпе шәлі, шалма шәлі, желек, сәкаку, шашқат, бергек, сылдыр-үзбе, бүркеншік, жаулық, қырпу.

Күндік – егде әйелдің басына орай тартатын ақ жаулық. Бұл жаулық 3-5 метрлік ақ мақта матадан, жібектен тігілген.  Мұны кезінде апа-әжелеріміз   көп киген.  Мосқал тартқан әйелдер далаға және ұзақ жолға шыққанда күн өтпесін деген ниетпен таққан.  Әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың күндік тартқаны белгілі.

Желек те әйелдердің бас киімі. Сәукеленің үстінен салынатын желек – бергек деп аталған. Ұзатылатын қыздың сәукелесінің сыртынан шағи, дүрия немесе үлде жібектен шаршылатып басына салатын болған. Келін болып түскен соң сәукеле алынып, орнына желек салынады. Желекті тұңғыш баласын, не болмаса екінші баласын дүниеге келтірген күнге дейін салып жүрген.

Міне,  қыздардың, келіншектердің, аналар мен әжелердің керемет бас киімдері. Халқымыз ешқашан қыз баласын тұмшаламаған. Қазақтың қызға деген құрметінің бір белгісі осы әсем де қымбат бас киімдер.

Дайындаған Дина Имамбай

 

 

Другие новости

Back to top button