«Тағылмай тұрғанына 20 жыл болды»: Ұлан Нүсіпәлі марқұм Заманбек Нұрқаділовтің алтын сағатын көрсетті
Танымал актер Ұлан Нүсіпәлі марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің сыйлаған алтын сағатын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің ұлы, блогер Ағарыс әкесінің құнды жәдігерді қайдан алғанын айтты.
“Заманбек Нұрқаділов әкемді қатты жақсы көретін және әкемнің «Терісқақпай» театрын әрқашан қолдайтын. 1999 жылы Заманбек аға әкеме өзінің таза алтын сағатын сыйлаған еді. Одан кейін әкем екеуі кездескен кездерде «Сағатты сатып жіберме, жарайды ма?» деп ескертіп қоятын. Әкем «Әрине, Зәке, сатпаймын» деп уәде берген. 2005 жылы Заманбек аға қайтыс болды. Содан бері әкем бұл сағатты мүлдем тақпай, сақтап қойған. 2005 жылдан бері отбасымызда қиын кездер болмады емес, болды. Әкем айтпақшы, үйде қарапайым қант та болмаған кездер болды. Сол кездерде талай кісілер «Зәкеңнің сағатын бізге бәленбай мың долларға сатшы» деп сұрайтын. Бірақ әкем ешқашан сағатты сату деген нұсқаны тіпті ойына алмайтын! Сағаттың тағылмай, сақталып тұрғанына 20 жылға жуық уақыт болды», – деді блогер.
Блогер әкесі екеуі ақылдасып, сағатты аукционда сатылатынын жеткізді.
“Осы жылы әкем екеуміз Заманбек ағаның сағатын «Sham мектебінің аукционына берейік» деп шешім қабылдадық. Себебі, Заманбек ағаның тірі кезіндегі мақсатының бірі – ауылдағы өнерлі балаларды қолдау еді. Осы миссияны қазіргі кезде атқарып, мектеп ашып жатқан Қуаныш Бейсек және Ұлықбек Шәріпов. Сағат аукционда қымбатқа сатылып, түскен ақша білімді балаларға жұмсалуын нәсіп етсін. Басты мақсат Заманбек Нұрқаділов ағамыз өмірден өтсе де, артынан баратын сауаптар тоқтамасын», – деді Ағарыс.
Еске салайық, Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Мақпал Жүнісова тұратын үйді «қораға» теңегенін жазған едік.