Сынаптан тазартылмаған Нұра: тұрғындар уланып жатыр
Нұра өзенінің суы тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді деп тәуелсіз экологтар дабыл қағуда. Ал мемлекеттік эколог мамандар болса, әдеттегідей қауіпті көрмей, беймарал күйде жүр. Нұра өзенінде сынаптың бар екенін жұрттың барлығы біледі. Ол баяғыдан бері айтылып, шешілмей келе жатқан мәселе, деп хабарлайды Жас Алаш.
Бұл мәселені кезінде үкімет тарапы шешуге талпынып, ауқымды жоба жасаған. Алайда бұл жобаның Нұра өзенін сынаптан тазартуға көмегі шамалы болған тәрізді. Кеңестік одақ кезінде Теміртау қаласындағы Карбид деп аталған химиялық зауыт Нұра өзеніне тонналап сынап төгіп, оны ластап тастаған. Ол кезде жұрттың денсаулығын ойлап, ешкім бас қатырғысы келмеген.
Кейін 2000 жылы Қазақстан Нұра өзенін сынаптан тазарту үшін халықаралық банктен қаражат алып, 130 миллион долларды осы жобаға салған. Жоба барысында Нұра өзенінен үш миллион текше метр қалдық шығарылып, жеке полигонға көмілген екен. Бұл қалдықтардың ішінде әртүрлі қоқыстармен қоса топырақ қабатындағы сынаптар да болған. Сол кезде бұл жұмыстың дұрыс жүргізілуін мемлекет тарапы аса қадағаламаған тәрізді. Өйткені тұрғындардың өзі сынаптан өзеннің дұрыс тазартылмағанын айтқан. Ал өзенді сынаптан тазартуға кеткен қаражатты шетелге әлі қайтарып жатырмыз. Қыруар қаржыны кетіріп жасаған жобаның соңынан бүгінде шикілік шығып тұр. Өйткені тәуелсіз экологтар Нұра өзені сынаптан дұрыс тазартылған жоқ деп отыр.
Қарағанды облыстық Экологиялық мұражай қоғамдық бірлестігі 2013-2014 жылдары прагалық экологтар мен бірге Нұра өзеніне зерттеу жүргізген. Зерттеу барысында олар сынаптан өзеннің жағасы ғана тазарғанын, ал өзеннің түбіне тазарту жұмыстары жасалмағанын анықтаған.
Осының салдарынан бүгінде Нұраның кейбір бөліктерінде сынап, деңгейі айтарлықтай көбейіп кеткен. Мұның кесірі Нұра өзенінің суын тұрмыста пайдаланатын халыққа тиіп отыр.
Тәуелсіз экологтар тіпті сынап ана сүті құрамынан да анықталды дейді. Улы сынаптың адам денсаулығына тікелей әсер етіп жатқанына үкіметтің назары түсуі керек.
Нұра өзенінің суымен тұрғындар жазда бау-бақша өнімдерін суарады, төрт түлік малы да сол суды ішеді, әрі жұрт өзеннен балық аулап жейді. Осы өнімдер арқылы сынап адам денсаулығына зиянын тигізіп жатыр.
«Өкінішке қарай, бұл жобаны жүргізу барысында қателіктерге, заң бұзушылықтарға жол берілді. Тіпті кейбір аумақтарда сынап азайғанның орнына көбейіп кетті. 2013-2014 жылы экологиялық музей мен прагалық «Арника» қоғамдық ұйымы Нұра өзеніне зерттеу жасады. Алайда өзеннің жағасы тазарғанмен өзеннің түп жағы сынаптан тазартылмаған. Сонда тұрып жатқан тұрғындардың өздері жоба барысында өзеннің ішін ешкім тазартпағанын айтты. Бірақ олар өзенді тазартпаса да сол үшін қаражат алған болатын. Сынап сол қалпы қалды. Тіпті Қазгидрометтің өзі сараптама жасап, 2019 жылы және одан кейінгі жылдары да өзенде сынаптың көбейіп кеткенін айтқан еді. Үкімет бұл мәселеге назар аударып, Нұраның қай жері тазартылғанын қай жері тазармағаны жөнінде қадағалау жасауы тиіс», – деп мәлімдеді Қарағанды облысының экологиялық мұражай қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков.
Нұра өзенінде бұрыннан қалып қойған ескі коллектор бар, топырақ қабатына сіңіп қалған сынап осы коллектор арқылы өзенге құйылып отырады. Экологиялық департамент Нұра өзеніндегі мәселені шешу үшін коллекторды алып тастау керек деп пайымдайды.
Ал кезінде Нұраға тонналап сынап төгіп, ластаған химиялық зауыттың орнында бүгінде Теміртау электр металлургиялық комбинат жұмыс жасайды. Бұл комбинат коллектордың орнына жаңа тазарту қондырғысын орнатуды көздеп отыр. Алайда билік тарапы олардың қалдық суын қайда төгетіні жөнінде нақты рұқсат бермеген. Мәселе осылайша толық шешілмей отыр.
Тәуелсіз экологтар өзен суындағы сынап адамның бірінші кезекте жүйке талшықтарын зақымдайтынын айтады. Бұл бірінші кезекте әйелдер мен балалардың денсаулығына қауіпті. Сынап балалардың ақыл ой дамуын тежейді.
Бүгінде Нұра өзенінің маңында тұратын жұрт биліктен күдер үзіп, мәселені ашық айтудан шаршаған. Жағдайы келген көптеген тұрғын бұл маңнан көшіп те кеткен.