Западно-Казахстанская область

«Су басқан баспанамызға қалай ораламыз?»: Оралдықтар әкімдік ғимарының алдына жиналды

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында үйін су басқан бірнеше саяжайдың тұрғындары әкімдікке келіп шу шығарды. Дүние-мүлкі судың астында қалған жұрттың көңілі ала-бөтен. Өйткені эвакуациялық пункт пен туыстарын жағалап жүрген халықты «шығын қашан өтеледі» деген сұрақ мазалайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Мәліметтерге сүйенсек, баспанасыз қалдық деген халықпен қала әкімі кездесіп, сабыр сақтауға шақырған. Себебі арнайы құрылған комиссия үй-үйді әлі толық аралап бітпеген екен.

Саяжай тұрғындары «су басқан баспанамызға қалай ораламыз?» деген сұрақты қала әкіміне қойып, эвакуация пункті мен туыстарымыздың үйін паналап шаршадық деп шу көтерді. Төзімі таусылған жұрт жаңа үй салып берсін деген талап қойып отыр.

Саяжай тұрғыны Райхан Габдушева комиссия оның қарамайтынын және жұмыс орнынан көмек ала алмай отырғанын айтады.

«Комиссия менің үйімді неге қарамайды? Неге үйдің ішін, сыртын түсірмей жатыр?. Комиссия қарамай мектептен балаларыма да, жұмыс орнынан да көмек ала алмай отырмын. Енді жаңа акт сұрауға барсам сізге комиссия келмей, акт толтырылмай ешқандай көмек ала алмайсыз дейді. Маған ақша түскен жоқ мысалы. Бәрі көмек алып жатыр ғой», – деді Райхан Габдушева.

Ал тұрғындардың бірі Ләйлім Бижанқызы әкімдіктен баспана беруін талап етті.

«Екінші саяжайдағы үйіміз де суға кетіп қалды. Жолдасым жұмыс істемейді. Бір айлыққа қарап отырмыз. Үйді түгел су басты. Екі қызым бар. Сіздерден баспана сұраймын», – деді Ләйлім Бижанқызы.

Бұдан бөлек Шаттық Айтқалиева да бір реттік көмекті ала алмай отырғанын айтып берді.

«Баратын жерім жоқ. Бүгін ана үйде, бүгін мына үйде болғанымен енді саяжай тұрғындары атынан баспана болса деп өзіміз келіп отырмыз», – деді Шаттық Айтқалиева.

Әкімдік ғимаратында шу көтерген халық қаржыдан қысылып, қадіріміз қашты деп отыр. Назардан тыс қалдық деп айғайға басқан халықты қала әкімі қабылдады.

Орал әкімі Миржан Сатқанов шығын әлі де есептеліп жатқанын мәлімдеді.

«Екі күнде судың деңгейі түскеннен кейін біздің жұмысымыз жеңілдейді. Мысалы, қазір ең бірінші алдында наурыздың соңында өткен Деркул жақтағы Ягодка, Үміткерлерде жөндеу жұмыстары бітіп, ақшаларын алып жатыр. Қазір сәл су біткеннен кейін 1-ші, 2-ші дача, 3-ші саяжай Виктория, Нұрлы жол ол жақта тағы не бар еді?.. Кейбір азаматтар үйлері суда болмаса да, келіп арыз жаза алады. Сосын олар ақшаны алып кетеді. Бұл заңсыздық. Сәл сабыр сақтаңыздар. 10-15 күннің ішінде бүкіл жұмысты аяқтаймыз», – деп жауап берді қала әкімі.

Әзірге бүлінген баспаналарға техникалық сараптама жүргізіліп, соның нәтижесі бойынша 276 үйдің тұруға жарамсыз екені анықталыпты. Бірақ бұл баспаналардың ішінде саяжай жоқ. Себебі ол жаққа комиссия мүшелері қауіп сейілген соң барғалы отыр.

Еске салайық, 21 сәуірде Жайық өзенінен тасыған су Орал маңындағы саяжайларды басып қалғаны туралы жазған едік.

Другие новости

Back to top button