Северо-Казахстанская область

СҚО-да өртке оранған үйден ес-түссіз жатқан адам табылды

Түтінге тұншығып жатқан үй иесін учаскелік инспекторлар құтқарып қалды

СҚО-да учаскелік инспекторлар өртке оранған үйден екі адамды аман алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Бәйтерек ауылының тұрғыны бауырының үйінің жанынан өтіп бара жатып, түтінді байқап қалады. Сол маңдағы аумақты аралап, тексеріп жүрген учаскелік инспекторлар Азамат Тамашов пен Азамат Баймусинов оқиға орнына бірінші болып жетіпті. Түтінге толы үйге кіргенде, олар ас бөлмеде жатқан жергілікті тұрғынды көріп, бірден сыртқа шығарған. Үйдің иесі әлі де іште екен.

«Полицейлер үйге тағы екі мәрте кіріп шықты. Түк көрінбейтін түтіннің ішінде тұншығып, төбесі жанып жатқан, төргі бөлмеден ес-түссіз жатқан үйдің иесін тауып, далаға алып шыққан. Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері де дер кезінде жетіп, өртті ауыздықтады. Медицина қызметкерлері жапа шеккендерді тексеріп шықты. Учаскелік инспекторлардың жедел әрекетінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. 15 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі қызметкерлер – Бәйтерек ауылдық округіне қызмет көрсететін полиция майоры Азамат Тамашев пен Конюховский ауылдық округіндегі құқықтық тәртіпке жауапты полиция аға лейтенанты Азамат Баймусинов халық арасында құрметке ие. Екеуі де тәуекелге бел байлай отыра, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып шықты», – деді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Эльдар Нұрғалиев.

Другие новости

Back to top button