Спорт
Спорт федерациялары басшыларының жұмысы енді әкімдердікіндей бағаланады
Бұл туралы үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды Ulyssport.kz.
Спорт федерацияларының президенттерін қайта сайлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 7 федерацияда басшылық ауысты. Спорт саласының барлық деңгейінде тікелей басқару жүйесі құрылады. Сонымен қатар, әкімдердің жұмысы бойынша негізгі тиімділік көрсеткіштерін енгізу жоспарлануда, – дейді Мырзабосынов.
ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖАЙЛЫ
Министрдің айтуынша, «дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірленіп, ол Парламент мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданған.
Заң жобасында:
- спорт түрлерін қаржыландыру саясатын айқындау бойынша Министрлікке құзырет беру;
- басым спорт түрлерін нақтылау;
- спорт федерацияларын аккредитациялауға қойылатын талаптарды белгілеу;
- бұқаралық спортты дамыту мен жоғары спорт шеберлігі арасындағы өкілеттілікті айқындау мәселелері қарастырылған.
Министрлік жанынан облыстық спорт басқармаларының басшыларын келісу бойынша арнайы комиссия құрылды. Бүгінде Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарына жаңа басшылар тағайындалып жатыр.