Госорганы

Сот үкімі шыққан Серік Күдебаевтың қазір қайда екені белгілі болды

Желіде бұрынғы генерал-майор Серік Күдебаевтың Астанаға ауыстырылатыны туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметке құқық қорғау органдары түсінік берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Құзырлы мемлекеттік органның мәліметінше, Күдебаев әлі Талдықорғанда.

“Талдықорған қалалық сотының Серік Күдебаевқа қатысты үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта сотталушы Талдықорған қаласының №71 мекемесінде қамауда. Сотталған Серік Күдебаевты басқа мекемеге ауыстыру туралы бұйрық түскен жоқ”, – деп түсіндірді Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

Талдықорған қалалық сотының үкімімен С.М. Күдебаев «қаңтар оқиғалары» кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауларға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, полиция генерал майоры арнайы атағынан айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

Бұған дейін сотта Күдебаев өзінің кінәсіз екенін айтқан.

Бұған дейін Күдебаевтың ұсталып, Ыстамбұлдан Қазақстанға арнайы ұшақпен жеткізілгені хабарланған болатын. Кейін бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың ұсталғанын ресми түрде растады.

Бұған дейін Жетісу облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені туралы хабарланған еді.

58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

Бұған дейін Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған еді. Кейіннен Күдебаевтың Солтүстік Кипрде қашып жүр деген ақпарат тараған. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға қашқанын айтқан.

Другие новости

Back to top button