Выбор редакцииОбразование
Соңғы қоңырау мерекесі 1 маусымға ауыстырылды – ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Қазақстанда оқу жылының ұзақтығы 36 апта

1 маусымда еліміздің оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтеді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова айтты, деп хабарлайды Azattyq ruhy.
«Қазақстанда оқу жылының ұзақтығы 36 апта. Дәстүр бойынша оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, биылдан бастап 31 мамырда аяқталады.
31 мамыр – оқу жылының соңғы күні. Бұл күні еліміздің мектептерінде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған сыныптан тыс сағаттар өткізіледі. 1 маусымда еліміздің оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтеді», — деді Гүлмира Кәрімова министрліктің Telegram каналында жарияланған түсініктемесінде.
Еске салайық, ешегі Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға немесе 1 маусымға ауыстыруды сұрап, Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдаған еді.