Шымкентте жүргізуші полицейді көліктің капотында бірнеше метрге сүйреп әкетті
Шымкентте мас жүргізуші полицейді көліктің капотында сүйреп әкетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2 қаңтарда полицейлер көшелерді патрульдеу кезінде Toyota Highlander жүргізушісін бағдаршамның тыйым салатын белгісінен өткені үшін тоқтатқан. Жүргізушінің әрекетінен инспекторлар ол мас екенін байқаған.
Полицей жүргізушіден құжат көрсетуін сұраған. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабын орындамай, оқиға орнынан жасырынбақшы болды.
КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Қауіпті жүргізушіні тоқтату және жол қозғалысының өзге қатысушыларының қатысуымен болуы мүмкін қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін инспектор Бақытжан Боранбай автокөліктің алдына шығып, жолына тосқауыл болған. Бірақ, рулдегі ер адам полицейге қарай қозғалысын жалғастырып, оны капотында бірнеше метрге дейін алып жүріп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Алайда күдікті анықталып, ұсталды. Медициналық куәландыру нәтижесіне сәйкес ол есірткілік масаң күйде болған. Жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу шаралары басталды. Ұсталған азамат қамауда.
ЖҮРГІЗУШІ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНУЫ МҮМКІН
Билік өкіліне қатысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданғаны үшін ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.