Шымкентте боди массаж жасаған 15 жасар қыздарға қатысты тергеу ісі 1,5 айдан бері жүріп жатыр (ВИДЕО)
Шымкентте 15 жастағы бірнеше жасөспірім қыз қосымша ақша табамыз деп боди массаж жасайтын орынға тап болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыдан бір ай бұрын кәмелетке толмаған қызының жасырын ісін кенеттен біліп қалған ана «Көреміз» бағдарламасына жүгінген. Айтуынша, қызының боди-массаж жасап жүргенін перзентінің құрбысы арқылы білген. Содан кейін дереу полицияға барып, құқық қорғау органының қызметкерлерімен бірге интим қызмет көрсететін орынға барады.
«Міне бөлмелері, массаж. Менің 15 жастағы кәмелетке толмаған қызымды осы жерге жұмысқа шақырған. Шақыр бәрін, түсір»,- дейді әйел өзі түсірген видеода.
Арам кәсіпке жасөспірімдерді тартқандар «қыздардың шын жасын білмедік» деп бастарын ала қашқан.
Шымкент полициясының хабарлауынша, аталған факт биыл мамырдың 25-де анықталған.
«Қылмыстық іс қозғалды. Барлық қатысы бар адамдар анықталып, полицияға жеткізілді. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу шаралары жүріп жатыр», — деді полициядан.
Редакция Шымкент қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннетта Жазықбаеваға хабарласып көрді. Ол «қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр» дегеннен басқа мәлімет бермеді.