Алматы

Шымбұлақ шипажайының аумағын полицейлер шаңғымен бақылап жүр

Арнайы дайындықтан өткен полицейлер «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасында қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Олар асынып жүретін үйреншікті әскери қаруларының орнына, шаңғы алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының директоры Ринат Әбдірахмановтың айтуынша, аталған жоба 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

«Бізде көрінбейтін майдан жауынгерлері бар. Десек те, биыл қаладан шипажай аумағын шаңғымен жүріп бақылайтын полиция қызметкерлерін сұрадық. Өтінішіміз қанағаттандырылды. Келесі дүйсенбіден бастап 10 полиция қызметкерін шаңғы тебуге үйрету үшін оқу процесін бастаймыз», — дейді спикер.

Сондай-ақ ол курортта шаңғы патрульдері де жұмыс істейтінін айтты. Биыл олардың саны 16 адамға артты.

«Олардың төртеуі шаңғы тебудің қауіпсіздігін бақылап, полициямен бірге өзара жұмыс істейді», — деп қосты ол.

Сонымен қатар, спикер демалыс орнындағы қауіпсіздік мәселесі тау шаңғысы курорттарының қызметін реттейтін заңның жоқтығынан туындап отырғанын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, шаңғы патрульдері немесе курорт қызметкерлері ережені бұзу туралы ескерткендері үшін клиенттерден жиі зардап шегеді.

Ринат Әбдірахманов тәртіп сақшылары халықаралық FIS ережесінің сақталуын қадағалайтынын түсіндірді.

«Демалыс күндері бес полиция қызметкері мен екі курорт мамандары, ал жұмыс күндері екі полиция мен екі курорт қызметкері кезекшілікте болады. Тәртіп сақшылары Police деген жазуы бар арнайы кеудеше киеді»,- деді ол.

Жалпы, «Шымбұлақ» директорының айтуынша, шипажайға келушілер саны жыл сайын артып келеді және өткен маусымда ол абсолютті рекордқа жетті – 1 млн астам адам.

Другие новости

Back to top button