Восточно-Казахстанская область

ШҚО қолайлы отбасыларға 181 мың теңге беріледі

Биыл ШҚО-да  500-ден астам бала 30 күн қонақ отбасыларда тұрып, ауызекі қазақ тілін үйренетін болады.

 

Аталмыш жобаға Катонқарағай басым аудан ретінде таңдап алынған. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов қала және аудандардың әкімдерімен, басқарма басшыларымен өткен кеңес барысында айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

— Осы жазда біз үлкен үміт артатын екі маңызды пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Біріншісі — жазғы лагерлер, екіншісі-Еуропа елдерінің үлгісі бойынша «қонақ отбасы». Бұл пайдалы тәжірибенің арқасында 500-ден астам бала 30 күн қонақ отбасыларда тұрып, ауызекі қазақ тілін үйренетін болады. Біз Катонқарағайды басым аудан ретінде таңдадық, өйткені мұнда оқыту үшін ғана емес, нәтижелі және пайдалы демалыс пен сауықтыру үшін де мүмкіндіктер бар. Мұнда балалар туған өлкенің тарихы мен дәстүрлері туралы көбірек біле алады, — дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Енді білім басқармасы мен аудан әкімдері санитарлық жағдайдан бастап үйдегі психологиялық жағдайға дейін барлығы ескерілген, қолайлы отбасыларды іздейтін болады. Ал, баланы қабылдайтын әрбір отбасы 181 мың теңге алатын болады.

— Тілді оқытуды ғана емес, сонымен қатар экскурсияларды, дәстүрлі ойындарды және тағы басқаларды қамтитын бағдарламаны әзірлеу қажет. Мұның бәрін ағымдағы жылдың маусымына дейін жасау керек. Бұдан басқа, өңірде мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін оқыту әдістемесі, сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына арналған екі тілде кітаптар шығару әзірленді. Көптілділік бағдарламасы сөзсіз жалғасады, өйткені ол жақсы нәтиже көрсетеді, — дейді аймақ басшысы.

Қазір ШҚО-да көптілділік бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруға баса назар аударылуда. Қайта оқытудан 876 қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің оқытушылары өтті.

Другие новости

Back to top button