ШҚО дүкендерінде адам денсаулығына қауіпті тауық өнімдері сатылған
Шығыс Қазақстан облысындағы дүкендерде адам денсаулығына қауіпті тауық өнімдері сатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында сатылатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізілді. Жыл басынан бері сауда нысандарынан Қазақстанда және шетелде жасалған 123 құс өнімі алынған.
«Талдау көрсеткендей, бірқатар өнім техникалық регламент талаптарына сәйкес келмей шықты. Мәселен, 5 өнім денсаулыққа қауіпті деп танылды. Оның ішіндегі 3 өнімде адамға зиянды бактериялар бар. Ал 15 өнім таңбалауға қойылатын талаптарға сай болмаған. Яғни, қаптамада өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары көрсетілмеген», — делінген ақпаратта.
Сондай-ақ мұздатылған өнімдерде ерігеннен кейін артық ылғал табылды. Бұл тұтынушыны тікелей алдау болып саналады.
Қазіргі уақытта аталған бұзушылықтарды жою мақсатында 24 ұйғарым шығарылып, дистрибьюторлар мен өндірушілер оларды толықтай орындады