ШҚО-да дала өрттерінің басым бөлігі оқшауландырылды
Шығыс Қазақстан облысында дала өрттерінің басым бөлігі оқшауландырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Катонқарағай ауданы Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде шыққан өрттің таралуы 10 қыркүйек күні сағат 09.00-де тоқтатылды. Қызыл жалын шарпыған аумақ 1900 гектарды құрады.
«Күршім ауданында «Марқакөл» орман шаруашылығы, «Бобровка» орманшылығы және Төсқайың ауылдық округінің аумағына жайылған өрт 11 қыркүйекте сағат 17.00-де оқшауландырылды. Отпен күреске құтқарушылар, орманшылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полиция қызметкерлерінің қатарынан 255 адам мен 29 техника жұмылдырылды. Өрт ауданы – 1800 гектар», — делінген ақпаратта.
Бұдан бөлек, Құйған ауылдық округінің аумағындағы жалын 12 қыркүйекте сағат 06.40-та оқшауландырылды. Алдын ала дерек бойынша, от 2000 гектар аумаққа жайылды.
«Ал Алтай ауданындағы бұта мен шөпті шарпыған өрттің беті әлі қайтпады. Тілсіз жау 2400 гектарға тарады. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Сол жерде 207 адам мен 29 техника жұмыс істеп жатыр. Әуеден 145 рет су төгілді», — делінген хабарламада.