Шетелге шығу «Барсакелмеске» кету деген сөз емес: Тоқаев жастардың шетелге көшуі туралы ойын айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында жастардың шетелге кетуі туралы ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Рас, бүгінде жастардың көбі білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шыққысы келеді. Бұл – жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі. Оған түсіністікпен қараған жөн.
Біздің жастарымыз әлемдегі беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, дүниетаным көкжиегін кеңейте алады. Сондықтан мемлекет, әрине, шетелде оқуға кедергі жасамайды, керісінше, ондай бастамаларға қолдау көрсетеді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Бірқатар елмен студент алмасып тұрамыз», — деді президент.
Ол жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлайтынын атап өтті.
«Олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Өмір бойы бір ауылда немесе бір қалада тұрып, жарты ай жұмыста болғаны үшін биліктен жоғары жалақы талап ететін заман әлдеқашан келмеске кетті. Қазіргі жастар ондай болмауға тиіс. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек. Баратын жерің ірі шаһар немесе басқа өңір, тіпті басқа ел болуы да мүмкін. Қазақта «Жүргенге жөргем ілінеді, жатқанға жан жуымайды» деген сөз бар.
Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады. Қазақстан деген брендті әлемге таныту да маңызды миссияның бірі. Дегенмен шетелге шығу «Барсакелмеске» кету деген сөз емес. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға оралғаны жөн», — деді президент.
Оның сөзінше, елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп және Үкіметтің міндеті – олардың өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау.
Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтты және қазақ тілі туралы өзекті мәселелерді қозғады. Әрі Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, Талғардағы оқиға туралы пікір білдірді және уақыт белдеуі туралы айтты.
Сонымен қатар жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болған Үкіметтің жұмысына баға берді, әрі сыбайлас жемқорлық туралы айтты. Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұдан бөлек екінші, тіпті үшінші АЭС салынуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтып, Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпаратқа нүкте қойды. Сондай-ақ 2024 жылы болған су тасқынына тоқталды және Ақтаудағы ұшақ апаты туралы да айтты. Әрі мемлекет басшысының сыртқы саясатқа баса мән беретінін меңзеп, «Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгімеге жауап берді.
Сонымен қатар президент «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы айтты және теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асып кеткеніне қатысты пікір білдірді.