«Шерзатты неге айтпайсыңдар»: желідегілер әнші-блогерлердің парақшасынан жаппай кетіп жатыр
Әлеуметтік желі қолданушылары Талғардағы қанды оқиғаға үн қосудың жаңа челленджін бастады. Олар марқұм Шерзат Полаттың өлімі жайлы айтпаған, оқиғаға үн қоспаған әртістердің, әншілер мен блогерлердің парақшасына бұдан былай жазылудан бас тартуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ЧЕЛЛЕНДЖ
– Біз осылайша, қайғы келген кезде үнсіз қалатындарға қозғау салғымыз келеді. Шерзаттың ісіндей қарапайым халықтың басына күн туғанда олар көлеңкеде қалады. Иә, біз олардың ұстанымына ықпал ете алмайтын шығармыз, бірақ біз олардың парақшасынан кетсек – сол жауабымыз болмақ! Халықтың қайғысына ортақтаспайтын блогерлер бізге керегі жоқ, – дейді желі қолданушыларының бірі парақшасында.
Тик-токта дәл осы челленджді іліп әкеткендер көп. Олар жұлдыздардың бәрінің парақшасынан “отписка” жасап жатқанын әлеуметтік желіде скрин-видео арқылы көрсете бастаған. “Халыққа түк пайдасы жоқ блогерлерден отписка жасау челленджі жалғасып кетті” дейді тағы біреу парақшасында.
Оқиғаға “Дарикорн” есімімен белгілі блогер пікір білдірді. Оның да жекесіне “Шерзат туралы неге айтпайсың?” деп көп адам жазған.
– Бәріміздің балаларымыз, ағаларымыз бар. Бәріміз ол отбасының қайғысына ортақпыз. Біз заңға қатысты ештеңе шеше алмаймыз, адамдарды тірілте алмаймыз. Олар сбор керегі жоқ деді. Бірдеңе болса халық жиналып, ақшалай көмектесер едік. Бұл жерде екі адам қайтыс болып жатыр. Біз тек иманды болсын, жандары жаннатта болсын деп айта аламыз. Біз де қарапайым адамдарбыз. Аудиториямыз ғана бар. Бізге күнде жазады. Осындай жағдайда ештеңе істей алмайтыныңа қынжыласың, – дейді ол.
Бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов полиция Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлім еткен. Ақпаратты кейін полиция растады.
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.
Белсенді әрі Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай Нұрымовты ұстар алдында ол «полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады» деген ақпаратты жоққа шығарған.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.