Денсаулық

Шаш түсе бастаса, не істеу керек — трихолог кеңесі

Шаш күтімі — оңай іс емес. Қазіргі уақытта шаштың күтімі, шаштың түсуі кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Тым жұқа, майлы болса, бұл адамның өзін-өзі бағалауына теріс әсер етуі мүмкін. Шашты әдемі қалпында сақтау үшін адамдар кез келген нәрсеге баруға дайын. Бірақ сұлулық индустриясы қарқынды дамығанына қарамастан, шаш күтімінің ерекшеліктері шешілмеген құпия болып қала береді. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі шаш күтіміне байланысты трихология саласының маманы Абзал Қызырбекұлымен әңгімелесті.

 Алдымен трихология ғылымына тоқталсаңыз. Қандай ғылым, нені зерттеумен айналысады?

— Трихология грек тілінен аударғанда trihos – шаш, logos – ғылым деген мағынаны береді. Яғни шашты және бас терісін зерттеумен айналысатын дерматология ғылымының бір бөлігі. Трихологтар бас терісі және шашқа қатысты бар білімін біріктіріп, емдеумен айналысады.

– Шаштың жалпы жағдайын зерттеу үшін трихологтар қандай әдіс-тәсілдерді қолданады?

— Негізгі тәсіл – бұл шашты микроскопиялық зерттеу. Одан бөлек, бас терісін және шаштың түбін зерттеу міндетті болып табылады. Шаштың кез келген ауруын тудыратын жағдайдың себеп-салдарын білген маңызды. Ол сыртқы және ішкі себеп болуы мүмкін. Мысалы, шаш сыртқы дүниенің әсер етуінен зақымдалса да, шаш түбі сау болуы мүмкін. Бірақ шаштың тамыры дұрыс болмаса, онда шашыңыз сау болуы ықтимал.

– Қазіргі кезде әр түрлі шаш түріне, тіпті ер адамдарға арналған сусабын түрлері жеткілікті. Сусабынның ер мен әйелге арналған деп бөлінуі шаш құрамының шынымен де өзгешелігін білдіреді ме?

– «Ерлерге арналған сусабындар» және «әйелдерге арналған сусабындар» деген маркетингтік әдіс деп білемін. Себебі шаш морфологиясы ер және әйел деп бөлінбейді. Міне, ерлер мен әйелдерге арналған әтір десе басқа әңгіме. Негізінен шаштың сау болуы үшін сусабынның рөлі маңызды емес екеніне сенімдімін. Өйткені сусабын шаштың барлық проблемасын ешқашан шешпейді. Егер сізде жалпы денсаулыққа қатысты проблема болса, онда шашыңыз сау болмайтыны белгілі.

– Шаштың түсуіне қандай факторлар әсер етеді?

– Күн сәулесі, қоршаған ортаның лас болуы, судың уыттылығы, шаштың химиялық немесе физикалық күйігі, сондай-ақ агрессивті әсері бар төмен сапалы сусабындар. Ең алдымен шаштың түсуіне ішкі факторлар мен бас терісінің жағдайы әсер етеді. Адамның тамақтануы және оның жүйке жүйесінің жағдайы да өте маңызды. Негізінен, шаштың түсуі деген диагноз жоқ. Әдетте, біз созылмалы ауруларға, темір тапшылығы анемиясына байланысты шаштың диффузиялық немесе патологиялық жоғалуын көреміз. Қосымша себеп іздейміз, өйткені бұл құбылыс қауіпті аурудың симптомы болуы мүмкін. Бұл жағдайда, әрине, тек сусабындармен емдеу әрдайым тиімді бола бермейді.

Біз «шаштың маусымдық түсуі» диагнозын ауру немесе стресс белгілері болмаса ғана қоя аламыз. Содан кейін біз арнайы сусабындар, лосьондар, капсулаларды тағайындаймыз. Бұл, әдетте, жеткілікті. Бірақ шаштың түсуі көбінесе аурудың симптомы болып табылады!

Мысалы, асқазан-ішек жолдарының проблемалары, гельминтикалық инвазиялар. Ауру емделмейінше, шаш жоғалту мәселесін жою мүмкін емес. Кейде дәрумендер терапиясы ғана емес, антибиотиктер мен гормоналды препараттар да қажет. Сондықтан қабылдағаннан кейін біз пациентті гинекологқа, эндокринологқа, невропатологқа жібереміз. Науқаспен сөйлесіп, анамнез жинай отырып, емдеуді қай бағытта жүргізу керектігін түсінеміз.

– Шашқа ақтың түсуі немен байланысты?

– Негізінен ақ шаш адамның жасына және генетикалық факторларға байланысты. Бірақ ақ шаш кейде организмде фолий қышқылының (біз оны сыра ашытқысы, соя ұны, жаңғақтар және т.б. бірге аламыз) көп мөлшерде болуынан туындауы мүмкін. Бұл жағдайда ақ шашпен бірге адамда анемия белгілері, тәбеттің болмауы пайда болуы мүмкін. Шашқа ақтың түсуі адам ағзасындағы меланин жұмысының тоқтатуына байланысты. Яғни шаштың түсі аққа боялады.

Адам шашында ақтың болуы оның шашының сау немесе ауру екенін білдірмейді. Себебі, шаш қара түсті болса да ауру немесе ақ түсті болған күннің өзінде сау болуы мүмкін. Жұқарған ауру шаш (ақшыл түске айналатын) және сау ақ шаштың арасындағы айырмашылықты ажырата білу маңызды.

Шаштың қалыңдығына назар аудару керек. Ем қабылдағаннан кейін емделушілердің шашы қарая бастағанын байқаймыз. Себебі ем қабылдаған шаш күшке ие болады. Мен көптеген дәрілік сусабын мен таблетканың құрамына кіретін PABA-ның табиғи компоненті (пара-аминобензой қышқылы, ПАБК, В10 дәрумені, n-аминобенозой қышқылы) шаштың күйіне қалай әсер ететінін түсіну үшін әбден зерттедім. Нәтижесінде кейбір жағдайларда оның әсерінен кейін шаштың қайтадан қараятыны белгілі болды.

 Трихолог-дәрігердің қабылдауына қай кезде барған жөн?

– Бірінші кезекте бұл тұқымқуалаушылыққа байланысты. Егер отбасында проблема болса, трихолог дәрігерге тез арада көрінген абзал. Егер де ешқандай проблема жоқ болса, трихологтың қабылдауына 18 жасқа толғанда келуге болады.

Әйелдерге келетін болсақ, бұл жерде жағдайға байланысты. Әйел организміндегі ең алғашқы гормоналды өзгеріс болған бастап диагностикадан өткен дұрыс. Жуғаннан кейін шаштың түсуін байқасаңыз, дәрігерге жазыла беріңіз. Айта кетері, егер сіздің тарағыңызда күнде таңертең 10, 20, 50 шаш болса және олардың саны бір ай ішінде азаймаса, керісінше өссе, дәрігер қабылдауына келу керек. Қарапайым арифметика: егер шашыңызды бір рет тарағанда 50 шаш түссе, онда бір айда бұл мөлшер 1 500-ден асуы мүмкін.

– Трихологияның қазіргі сұлулық индустриясына көзқарасы қандай? Химиялық бұйралау, шашты бояу және тағы басқасы.

– Процедуралардың барлығы шашқа агрессивті әсер етеді. Шаштың құрылымын зақымдамай бояу немесе өзгерту мүмкін емес. Тіпті шаш кептіргішпен кептіру және тарақпен тарау зақым келтіреді. Барлық мәселе тиетін зиянның мөлшеріне байланысты. Шашқа қатысты процедуралар неғұрлым жиі қайталанса, соғұрлым шаш зардап шегеді. Шашты химиялық түзету қатты әсер етеді. Теріс реакцияның күші бойынша екінші орында шашты «аққұба» түске өзгерту тұр.

Қара түсті шаш иесі ақшыл түске өзгергісі келсе, тепе-теңдік сақтағаны абзал. Шашқа теріс әсер неғұрлым көп болса, шашты қалпына келтіру және оны қолайлы күйде ұстау үшін көбірек емдеу керек деп айтқым келеді. Мен бірінші кезекте шаш әдемі болуы керек екеніне сенімдімін. Шашы сирек болған күннің өзінде әдемі болғаны дұрыс деп санаймын. Шашқа көмектесу үшін ылғалдандыру өте маңызды. Өйткені шаш құрылымына әсер ететін барлық өнімдер одан ылғалды кетіреді. Біздің барлығымыз шаштың кеуіп кетуінен зардап шегеміз. Өкінішке қарай, нарықтағы көптеген өнімдер шашты жылтыратқанымен, ылғалдандырмайды.

 Шашты қалай ылғалдандыруға болады?

– Шашты ылғалдандыру дүкендерден сатып алынған маскалардың көмегімен емес, кәсіби және жеке жүргізілуі керек. Себебі барлығына бірдей әсер ететін, көмектесетін тәсіл жоқ. Бұл тамақ дайындау сияқты. Біреу тұздыны ұнатса, енді біреуі тұзсыз тағамды қалайды. Сондықтан емханаларға барып, зертханадан талдау жасатып, өзіңе тән тәсілді дәрігермен ақылдаса келе таңдаған дұрыс. Дәрігер май, лосьон, крем сияқты компоненттерді қамтитын емдік қоспаның жеке рецептін жасайды.

Ал үй жағдайында ылғандырған тиімді болса, онда үйде қолдану үшін нарықта құрамына силикон кіретін кремдер бар. Олар терең ылғалдандыру құралы ретінде ойластырылған. Олар шаштың айналасында қабық жасайды, бірақ елеулі емдік әсерге ие емес.

– Шашты емдеуге бағытталған арнайы биобелсенді қоспалар тиімді ме?

– Мен маусымнан тыс уақытта қабылдауға болатын белгілі бір дәрумендерді ұсына алмаймын. «Бұл құрал жақсы, екіншісі тиімсіз» деп айтуға болмайды. Егер біз дәрумендерді бөлек қарастыратын болсақ, онда күзде D дәруменін ішу ұсынылады. Бірақ алдымен, әрине, науқастың организміндегі Д дәруменінің мөлшеріне назар аудару керек. Өйткені D витаминінің артық мөлшері оның жетіспеушілігінен гөрі нашар әсер етуі мүмкін. Сондықтан денсаулығыңызды бақылаңыз, салауатты өмір салтын ұстаныңыз және проблемалар туындаған жағдайда маманға хабарласыңыз.

Химиялық азық-түлік әрдайым зақымдануға әкеледі. Бірақ барлығы препараттардың қаншалықты кәсіби екеніне байланысты. Менің кеңесім – жақсы стилист табу. Ол сіздің шашыңыз бен бас теріңізге келетін косметикалық заттарды ұсынады.

Шаш саулығын сақтау үшін оның тазалығына мән беру керек. біреу күн сайын, ал басқалары аптасына бір рет басын жууы керек деген ереже жоқ. Егер шашыңызға қатысты өзгерістерді байқасаңыз, тезірек әрекет етіңіз. Аурудың бетін қайтаруға болатын сәтте дәрігерге қаралған абзал.

 

Другие новости

Back to top button