«Шартпа-шұрт мінезді қойдық»: Ұлын екінші рет үйлендірген Ұлықпан Жолдасов келіні туралы айтты
Танымал әнші, сазгер Ұлықпан Жолдасов “Ұйқым келмейді”бағдарламасында келін түскелі отбасында көп нәрсенің өзгергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әншінің жұбайы Айған Жолдасова отбасы өнерлі келінмен толығып, қолы ұзарғанын жасырмады.
“Келін түсіріп, қолымыз ұзарып, жүгіміз жеңілдеді. Достарымыздың тәрбиелі келіндері, қыздарын көріп, қызығып, армандап жүретінмін. Қазір арманым орындалды. Қолымды ұзарды дегенім, келінді жұмсап қойып отырғаным емес, көңілімде тыныштық орнады. Кешке қарай келінімді, қызым Фариданы алып серуенге шығып жүрген жайым бар. Келініміз өнер адамы, айтатын әңгіме көп. Алтынай Түркістанның тумасы, бірақ 1994 жылдан бері Алматы, Астанада тұрады. Өзі музыкант, альтист. Астана операда жұмыс істейді, классикалық музыка жазады. Магистратура бітірген, докторантураға түссем деген арманы бар”, – дейді Айған Жолдасова.
Айған Жолдасованың айтуынша, атасы мен келінінің ортақ әңгімесі көп.
“Музыка жағынан Ұлықпан екеуінің әңгімелері жақын. Шәй ішер кезде мен өз жұмыстарыммен кетіп қаламын. Өздері шәй ішіп, әңгімелерін айтып отырады. Үйге өзіміздің адамымыз келді деп ойлаймын”, – дейді ол.
Ұлықпан Жолдасов келін түскелі отбасында көп дүние өзгергенін айтады.
“Айған келін түссе ас бөлмеге кірмеймін дейтін. Қазір жайлап адаптация жүріп жатыр. Бұған дейін басқа қалаға кетіп қалсақ үй не болып жатыр екен деп ойлайтынбыз. Көп жағдайда Болат үйде қалып қоятын. Бұрынғыдай “Болат не істеп жатыр екен?” деп ойламаймыз. Қазір ондай уайым жоқ. Себебі үйде қарайтын адам бар. Үйдегі атмосфера өзгерді. Шортымен, майкамен жүру қалды. Шалбармен, футболкамен жүреміз. Әңгімеміз өзгерді, шартпа-шұрт мінезді қойдық. Барынша өнегелі болып жүрген сияқтымыз”, – дейді өнер иесі қалжыңдап.
Бұған дейін Болат Жолдасовтың екінші рет үйленгені туралы жазған болатынбыз.