Алматинская область

Шамалғандағы теміржол станциясында ер адамды пойыз қағып кетті

Қайғылы жағдай 3 қазанда болған  

Алматы облысының Шамалған станциясында «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызы белгіленбеген жерде темір жолдан өтіп бара жатқан ер адамды қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ер адам алған жарақаты салдарынан оқиға орнында қайтыс болды. Аталған факті бойынша Алматы-1 станциясындағы Желілік полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігі, яғни, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қозғалыс қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

 

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері азаматтардың белгіленбеген жерлерде темір жолдарды кесіп өтуі.

Жыл басынан бері белгіленбеген жерлерде темір жолдарды кесіп өткені үшін 34 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Осы жылдың басынан бері белгіленбеген жерлерде темір жолдарды кесіп өткені үшін көлік полицейлері 34 019 азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Шұғыл тежеу фактілері де азаяр емес. Осы уақыт ішінде бұл бойынша 1618 факт тіркелді, оның 308-і теміржол бойында адамдардың болуымен, ал 1140-ы малдың жайылуына байланысты болған. Нәтижесінде, 1066 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, 9 айда еліміз бойынша 72 азамат пойыз астына түскен, олардың жартысынан көбі көз жұмған. Соның ішінде 10 факт бойынша балалар зардап шекті. Өкінішке орай, оның 8-і қайтыс болды.

Пойыздардың адамдарды жиі қағып кету фактілері мына станцияларда тіркелген:

Алматы 1  — 11, Шымкент — 7, Ақтөбе — 6 және Қарағанды-Сұрыптау және Тараз станцияларында 5 факт болды»,-деп мәлімдеді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті.  

Көлік полициясы азаматтарға теміржолда мұқият болу керектігін тағы да ескертеді. Теміржолдарды арнайы жабдықталған жерлерден ғана өту керек. Жаяу жүргіншілердің төсем арқылы өтпес бұрын темір жолда пойыздың, локомотивтің немесе вагондардың жоқтығына әбден көз жеткізгендері жөн. Тіпті, пойыздың сигналын есту үшін құлаққап пен капюшонды шешіп өту өте маңызды.

 

Другие новости

Back to top button