Шамалғандағы алапат жарылыс: күйік шалған адамдардың біреуі де тірі қалмаған (ВИДЕО)

Жуырда Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» АҚ-ның құрамындағы жем зауытында жарылыс болып, салдарынан бірнеше адам жарақат алған еді. Бүгін түнде компания ресми мәлімдеме жасап, зардап шеккен төрт жұмысшының төртеуі де қаза тапқанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жем зауытындағы алапат жарылыстың видеосы мен ол туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында 26 мамыр күні таралды. Ал, зауыттың ресми мәлімдемесінде жарылыс 23 мамырда болғаны жазылған. Жарылыс бола сала құтқарушылар бір адамның көз жұмғанын, тағы үш адамның ауыр хәлде екенін хабарлаған еді. «АзияАгрофуд» сол үш адамның да көз жұмғанын мәлімдеді.
«23 мамыр күні жем зауытының аумағында болған қайғылы оқиғада біздің әріптестеріміз қаза тапқанын қабырғамыз қайыса отырып хабарлаймыз. Бұл біздің компания үшін ауыр соққы болды», — деп жазған компания.
Холдинг қаза тапқандардың отбасына қандай көмек береді
Ресми мәлімдемеде хабарланғандай, қаза тапқан адамдарды жерлеуге кететін шығынды компания толығымен өз мойнына алады.
«Сақтандыру арқылы төленетін ақшадан басқа қосымша материалдық көмек береміз. Жерлеуге кететін шығынның бәрін компания өз мойнына алады. Егер қаза тапқан адамдардың қарызы болса, оны да түгел жабамыз. Әрбір отбасыға, керек болса отбасындағы жекелеген адамдарға психологиялық көмек береміз», — деп жазған компания ресми мәлімдемесінде.
Жарылыстың арты өртке ұласқан
Жалын 1 377 шаршы метр аумақты шарпыды. Өртті сөндіруге Алматы облысы және Алматы қаласы ТЖД, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан жалпы саны 100-ден астам қызметкер және 31 техника сөндірген.