Госорганы

Сенат төрағасы Ресейдің қатысуымен Қазақстанда салынатын жылу электр орталықтарына қатысты пікір білдірді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейдің қатысуымен Қазақстанда салынатын үш жылу электр орталығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform. 

Сенат төрағасы Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін айта келе: «екі ел арасында тығыз экономикалық қатынас орнаған және бірқатар бірлескен экономикалық жобалар бар. Қазір еліміз үшін күрделі мәселелердің бірі – инфрақұрылымды жаңғырту. Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту керек. Былтыр қыста бұл бағыттағы күрделі проблеманы байқадыңыздар, яғни осы мәселе тек Павлодар облысында ғана болған жоқ. Еліміздің өңірлеріндегі жылу электр станциялары негізінен кеңестік кезеңде салынған. Сондықтан олардың ескіргенін ескеру керек», — деді.

Сонымен қатар ол қазір елімізде барлық жылу электр станциялары мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары басталғанын айтты.

«Бұған мемлекет қыруар қаражат жұмсауы тиіс. Әрине, мүмкіндігінше республикалық бюджеттен қаржы бөліп жатырмыз, бірақ бұл қаражат жеткіліксіз. Бізге жылу электр орталықтарын жаңғырту үшін қаражат салатын инвесторлар қажет. Барша еліміздің аумағындағы жылу электр орталықтарын жаңғырту міндеті тұр. Атап айтқанда, алдағы уақытта атқарылатын жалпы жұмыс ауқымында салынатын үш жылу электр орталығы (Ресейдің қатысымен салынатын) шамалы ғана бір бөлігін құрап тұр», — деді М. Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресейдің қатысуымен Қазақстанда 3 жылу электр орталығы салынатыны мәлім болды.

Бұл ретте, Қазақстан мен Ресей Энергетика министрліктері арасында Көкшетау, Семей және Өскемен жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

Другие новости

Back to top button