Семейде өртенген пәтерден төрт баланы көршісі аман алып шықты
Оқыс оқиға 5 қыркүйекте орын алды. Сағат 15:55-те облыстық ТЖД-ның кезекші пультіне Қарағайлы ықшам ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің ең жоғарғы қабатындағы пәтерлердің бірі отқа оранғаны туралы ақпарат келіп түсті.
№2-ӨСБ өрт сөндірушілері дереу оқиға орнына аттанды, деп хабарлайды semeinews.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пәтерде жекелеген заттар өртенген. Қызыл жалын шалған аумақ көлемі 2 шаршы метрді құрады. Өрт кезінде пәтерде төрт бала болған.
Бақытқа орай, көрші көмекке келіп жетіп, кәмелетке толмаған балаларды құтқарды. 1986 жылғы ер адам балкондағы өрт сатысымен жоғары көтеріліп, пәтерге ене алған. Сөйтіп эвакуациялық люк арқылы балаларды 8-ші қабатқа түсірді.ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
Баспасөз қызметі балалардың облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенін, онда олар толықтай тексеруден өткізілетінін жеткізді. Өрттің шығу себептері анықталу үстінде.