Актюбинская областьГлавное

«Сегізінші сыныптан корей тілін оқыған»: Сеулде хэллоуин мерекесін тойлау кезінде қаза болған қазақстандық студент туралы тың мәлімет белгілі болды

Корея астанасы Сеулде хэллоуин тойлау кезінде қаза болған қазақстандық қыз туралы тың мәлімет белгілі болды. Ақтөбе қаласының тұрғыны Мәдина Шерниязова Сеулдегі университеттің бірінде магистратурада оқып жүрген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық сайтына сілтеме жасап.

Анасы Гүлбану Ешниязованың айтуынша, Мәдина Хэллоуин мерекесіне бара жатып, әпкесіне видеобайланыспен хабарласқан. Достарымен бірге екенін, мерекелік көңіл-күйлерін көрсеткен.

26 жастағы Мәдина Шерниязова Ақтөбе қаласындағы №27 орта мектепте оқыған. Татарстан астанасы Қазан федералды университетінің шығыстану факультетін корей тілі бойынша бітіріп, Сеул қаласындағы жоғары оқу орындардың біріне магистратураға түскен.

№27 орта мектеп директорының орынбасары Алтынгүл Аткиева Мәдина Шерниязованы бала кезінен тіл үйренуге бейім болды деп сипаттайды.

«Мектебіміздің 2013 жылғы түлегі еді. Өте жақсы оқыды, тіл үйренуге бейім болды. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын сыныпты бітірді. Сонан соң Қазан университетіне түсті», — дейді ол.

Анасы Гүлбану Шерниязованың сөзінше, Мәдина — отбасындағы екі қыздың кішісі, сегізінші сыныптан корей тілін оқыған.

«Күйеуім Бейбіт Сеулге арнайы рейспен ұшу үшін Алматыға кетті. Ертең қызымыздың сүйегін Ақтөбеге жеткізіп қалар деп үміттеніп отырмыз. Қазақстаның Оңтүстік Кореядағы елшілігі хабарласып, көмектесуге уәде берді», — дейді Гүлбану Шерниязова.

Еске салайық, Сеулдегі Хэллоуин кезінде Ақтөбе облысында туған 1996 жылғы Қазақстан азаматы да қаза болған еді.

Хэллоуинді тойлау Гамильтон қонақ үйі маңындағы тар көшелердің бірінде болған. Адамдардың сығылысып, бір-бірін таптап кетуіне не түрткі болғаны белгісіз. Кейбір ақпарат көздері мереке тойлаған топтың тар көшеге әлдебір танымал жұлдыздың соңынан еріп кіріп кеткенін жазады. Небәрі ені 4 метрді құрайтын көшеде бір уақытта шамамен 100 000 адам болған.

 

Другие новости

Back to top button