Главное

Сараптама қорытындысы шықты — Ербаянның қорғаушысы Инга Иманбай

Құқық қорғаушы және заңгер Инга Иманбай Ербаян Мұхтарға қатысты қылмыстық іс пен сотқа қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТЕРГЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР

— Дәл қазір біз Алматы қаласындағы әскери-тергеу басқармасының алдында тұрмыз. Мен жаңа ғана Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге жолығып шықтым. Осы тұста анықтап айта кеткім келетіні – сот әлі болған жоқ. Ербаянның ісі тергеу сатысында. Дәл қазір Ербаянның жағдайына байланысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол әскерде болған жағдайға байланысты және ауруханадағы дәрігерлердің әрекетіне байланысты. Кейбір сараптамалардың қорытындысы шыққан. Кей сараптама жаңадан тағайындалды. Сондықтан дәл қазір сот қашан болатынын айтқан жоқ. Міндетті түрде тергеу барысында соттың қашан болатыны анықталған кезде хабар беремін, деді Инга Иманбай.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Еске салайық, бұған дейін Инга Иманбай өткен жылы әскер қатарында жарақат алып, жарты жылдан астам комада жатқан Ұлттық ұланның бұрынғы сарбазы Ербаян Мұхтардың жағдайын көпшілікке жеткізген болатын.

МӘН-ЖАЙЫ

И.Иманбай достар мен тілектестерден соңғы уақытта “Ербаянның жағдайы қалай? Емі қалай өтіп жатыр?” деген сұрақтар көптеп түсіп жатқанына байланысты әлеуметтік желіде Ербаянның қазіргі жағдайы жайлы пост қалдырды. Құқық қорғаушы Ербаянның қазір Стамбұлда емделуін жалғастырып жатқанын және оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деп хабарлады.

Құқық қорғаушының айтуынша, бұрынғы сарбаздың басына ота сәтті жасалып, инфекциядан толық айыққан. Оның өміріне қазір қауіп төніп тұрған жоқ. Ұзақ әрі нәтижелі емнің арқасында айтарлықтай оң өзгерістер байқалған.

– Катетері мен мұрнындағы зонд алынды. Салмақ қосып, робот арқылы қимылдай бастады. Өзі аздап тамақ іше бастады. Дәрігерлердің болжамы жақсы, бірақ толық оңалуға әлі уақыт керек. Емі Стамбұлда жалғасып жатыр, Иманбайдың жазбасында.

Сондай-ақ адвокат Ербаянға жігер, ата-анасы мен жақындарына сабыр тілеп, қолдау көрсеткен баршаңызға алғыс білдірді.

ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ

Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.

Другие новости

Back to top button