Интервью

“Сандық аутизм белгілері бар адам басқалармен қарым-қатынас жасаған кезде қолын ұялы телефонға соза береді“

Ғалия Баязитова - Психолог

Бүгінгі күні телефоны жоқ адамды елестету қиын. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін түрлі гаджеттерді қолданады. Әлемде интернетті пайдаланушылар саны 6 млрд-қа жеткен. Бұл жалпы халықтың 80 пайыздан астамы. Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша хат жазысып, хабар алысқан жақсы, әрине. Қазір бір ғана құрылғының көмегімен диваннан тұрмай-ақ қаншама шаруаны тындыруға болады. Бірақ гаджеттердің екінші, зиянды жағы да бары жасырын емес. Соның ең қауіптісі – телефонға тәуелділік. Мамандардың айтуынша, сандық аутизмге шалдыққан балалардың саны артып отыр. Ал оның емделуі қиын, салдары ауыр.

Америкалық Түрлі ауруларды бақылау орталығының жүргізген статистикасына сәйкес 1975 жылы 5 мың баланың біреуіне аутизм диагнозы қойылған. Ал 2005-ші жылы 500 бүлдіршінен 1 сәби аталған дертке шалдыққан. Ал 2014-шы жылғы статистикаға сәйкес әр 68-ші балаға аутист атанып отыр. Зерттеу нәтижесінен кейін америкалық педиатрия академиясының ғалымдары кішкентай балаларға мультимедиялық құрылғыларды көрсетуге мүлде тыйым салған. Зерттеушілердің пайымдауынша ұзақ уақыт телефонға телміру – баланың ойлау қабілетінің тежелуіне әкеліп соғады. Ал уақыт өте келе қоғамдық өмірге деген қызығушылығы мүлде жойылады. Сандық аутизм деген не? Алғашқы белгілері қалай анықталады? Ол қандай проблемаларға алып келуі мүмкін? Azattyq Ruhyтілшісі білікті психолог Ғалия Баязитовамен сұхбаттасқан еді.

— Сандық аутизм деген не? Оның пайда болу себебі?

— Сандық аутизм – баланың ұялы телефонға 2-3 жасынан бастап тәуелді болуы. Бастапқыда ол психологиялық тұрғыдан қалыпты дамиды. Айналасында болып жатқан жайттарға уақытында назар аударады. Қоршаған ортаға қызығушылық танытып, білімін жан-жақты толықтырады. Бірақ барған сайын ұялы телефонға деген қызығушылығы арта береді. Неғұрлым көп уақытын гаджетпен өткізеді. Шынайы достарын вируалды әлемдегі кейіпкерлер алмастырады. Өзін қызықтырған мультфильмдер көреді. Осылайша, біртіндеп басқалармен қарым-қатынасқа түсу қажеттілігі азаяды. Тіпті кейбір балаларды атын атап шақырып жатқанда естімегендей отыра беретін күйге түседі. Яғни, сандық аутизмнің пайда болуының басты себебі – ересектер тарапынан шектеудің болмауы. Кішкентай балаларды гаджеттерден аулақ ұстаған жөн.

— Сандық аутизм несімен қауіпті?

— Бала интернет желісінде көп уақыт өткізсе – әлеуметтік ортаны, қоғамды қажет етпейді. Ойлау қабілеті дамудың орнына төмендей береді. Кішкентай баланың негізгі психикалық қажеттілігі – даму. Бүлдіршіндердің ой-қабілеті дамуы үшін физикалық түрде көп қимылдау, ойнау қажет. Түрлі жағдайларды қиял қабілеті арқылы шығара білу керек. Интернет желісін пайдалану арқылы балалар барлық ақпаратты көзбен ғана қабылдайды. Қысқа-қысқа видеолар көреді. Эмоционалды интеллект дамымайды, білімге деген құштарлығы төмендейді. Бұлай жалғаса берсе  болашақта білімі төмен ұрпаққа әкелуі мүмкін.

— Сандық аутизмнің алғашқы белгілері қандай?

— Сандық аутизм белгілері бар адам басқалармен қарым-қатынас жасаған кезде қолын ұялы телефонға соза береді. Әңгіме арасында түрлі себепті сылтау етіп, телефон ақтарып кетеді. Сөйлескен кезде адамға тура қарамайды. Бар назары гаджетте, әлеуметтік желілерде болады.  Телефоннан суреттер қарап, түрі мессенджерлер арқылы хат алысып оытрады. Олар бетпе-бет сөйлескеннен көрі осы мессенджерлерді пайаланғанды құп көреді. Уақытының басым бөлігін телефонда өткізеді. Қажеттілік болмаса да телефонды бір қосып, бір сөндіріп, әр қосымшаны бір ақтарып өтеді. Гаджеттерді 5-6 сағаттан артық ұстайтын адамдарда сандық аутизмнің алғашқы белглері бар деп айтуға болады.  Бұл – телефонға тәуелділік.

— Сандық аутизмге қалай диагностика жасалады?

— Диагностика белгілерден жасалады. Адамның қоғамдық ортаға қатыспауы, үнемі қолынан ұялы телефонның түспеуі, адамның көзіне тура қарамауы, әңгімелесу кезінде назары ұялы телефонда болуы – сол белгілердің ең кең таралғаны. Ұзақ уақыт телефонмен отыратын адамдар толыққанды сөйлемдерді құрастыра алмай қалатын жағдайға да жетеді. Жекелеген сөздерді, сөз тіркестерін айтады. Алайда тұтас ойын жинақтай алмай қалады. Қалыпты адамдар қоғамдық ортада өзінің сөйлем мәнеріне, эмоциясына мән береді. Ал сандық аутизмге шалдыққан адам мұндай әдеттерді жоғалтып алады. Эмпатиялық қабілеті жойылады.

— Сандық аутизмінің алдын алуға бола ма?

— Әрине болады. Ол үшін балаға кішкентай кезінен бастап телефон бермеу керек. Баланың психикасы нәзік. Бәрін тез қабылдайды. Оны тыныштандыру үшін қолына телефон ұстата салудың орнына баламен далада серуендеген, ойнаған дұрыс. Ұрпағымызды дамытуға күш салу керек. Ойлау қыбілетін дамытатын ойындар бар. Ал өсе келе баланың ұялы телефонға кіру уақытын шектеу керек. Мәселен бастауыш сынып оқушысына күніне 10-15 минут жеткілікті. Басқа уақтта телефонда жұмысы болмауы керек.

— Телефонға тәуелділік тағы қандай проблемаларға алып келуі мүмкін?

— Телефонға тәуелділік әртүрлі қосалқы мәселелерге алып келуі мүмкін. Біріншіден, қоғамнан алшақтау, екіншіден, эмоционалдық интеллекттің төмендеуі. Үшіншіден, тәуелділік пайда болады. Ақырын-ақырын грамматикалық тұрғыдан сөйлем құрау дағдысы, ақыл-ой қабілетінің төмендеуі байқалады. Одан кейін адам баласы тек қана визуалды, бәрінің картинка түрінде ғана болуын қажетсіне бастайды. Терең ойлана алмайды. Өз ойын нақты жеткізу қабілетінен айрылады. Үстірт шешімдер қабылдайды. Өмірге деген көзқарасы толық болмайды. Тек қана әлеуметтік желіде, ұялы телефонда берілген ақпаратқа сүйеніп, дамымайды.

— Қазір бала түгіл ересек адамдардың психикасы солқылдақ болып кетті. Себебі неде?

— Дұрыс айтасыз. Қазір ересек адамдардың өзі қанша уақытын телефонда жоғалтып жатқанын байқамайды. Әлеуметтік желіге 1-2 минутқа кіріп, 3-4 сағатын өткізеді. Одан кейін миы шаршайды, көзі шаршайды. Әлеуметтік желіде берілген ақпараттың басты мақсаты – адамды ұядлы телефонға тәуелді қылу. Осылайша, табысқа кенелетіндер бар. Ересектер де бала сияқты қайта-қайта телефонға қарай береді. Адам қандай ақпаратты көп оқыса, психикасы да сол бағытқа қарай өзгереді. Агрессивті бейнежазбалар қараса, агрессия танытады. Жағымсыз істерді көрсететін видео көрсе – адамның жақсы қасиеттері жоғала бастайды. Ұялы телефонға тәуелді болмау үшін әлеуметтік желіде көп отырму керек. Одан да сол уақытты отбасымен, балалармен серуенге арнаған жөн. Ұйқыға жатар алдында кемінде 1-2 сағат көлемінде телефонды ұстамауға кеңес беремін. Ояна салып, телефонды ақтару да жағымсыз әдет. Осылай сандық аутизмнің алдын-алуға болады.

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Другие новости

Back to top button