ГлавноеЖетысуская область

Сандуғаш Дүйсенова: Тергеу кезінде төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді

Бірақ соған қарамастан, осылай шешіндіріп, қорлық көрсетті

Талдықорғандағы журналист Сандуғаш Дүйсенова Qaz365.kz тілшісіне 8 сағат изоляторда болғанда қандай қорлық көргенін айтып берді.

«Мені 11 тамыз күні тергеуші кешке 17:00-ге шақырған. Ойында ештеңе жоқ, бара салдым. Үстімнен арыз түскенін айтып, тергеуші сұрақтары барын жеткізді. Арыз түсірген осыдан 1,5 жыл бұрын адам өлтіріп, қашып жүрген адам екен. Сол кезде қылмыскер туралы өзімнің Instagram парақшамда жазған едім. Егер бұл адам туралы ақпарат болып жатса, полицияға хабарласыңыздар деген сарындағы пост салғанмын. Кейін Қызылағашқа барып, видео түсіргенім бар. Қылмыскер қолында 2 жасар баласы бар адамды атқан. Бала да жараланған. Менің бар айыбым сол адамның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылған қағазды салуым ғой. Енді түрмеде отырған адам Жетісу облысының прокурорының атына «жеке өміріме қол сұқты» деп арыз жазған», — дейді Сандуғаш Дүйсенова.

Ол полиция бөлімінде тергеуші тағылған айып ауыр екенін айтып, қамауға алғанын айтты. Сандуғаш өз кезегінде ешқайда қашып кетпейтінін, ішімдік, есірткіге әуестігі жоқ екенін айтып түсіндіргенімен, полициялар көнбей қамауға алған. Сосын тінту жасап, шешіндірген көрінеді.

«Тергеушінің кабинетінде үлкен камера тұрған. Сол жерде шешіндірді. Бұл полиция департаменті басшысының қойылған камерасы болса керек. Облыстағы полиция басшысы – ер адам. Менің бала-шағам, немерелерім, күйеу балаларым бар. 55 жастағы әйелмін. Бірақ соған қарамастан, осылай шешіндіріп, қорлық көрсетті. Бұл видео басқа жаққа тарап кетпесіне кім кепіл? Ертең видео тараса, мына Сандуғаштың шешініп тастағаны несі деп біреу айтуы мүмкін ғой. Кейін наркологияға, сосын арақ ішкен-ішпегенін тексеретін бөлімге апарды. Іш киімдерімді тартып алды. Төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді. Масқара жағдай. Мен бірақ айтқандарының бәрін істедім. Қарсылық танытпадым. Намысқа тырыстым. Енді үйге келіп, осынша қорлық көргенім намысыма тиіп жатыр. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Жігіттер ұялды ма, әйтеуір, дұрыс матрас, көрпе-төсегін берді. Ал түнгі 00:40-та үйіме жіберді», — дейді журналист.

Оның адвокаты Ильмира Назырова енді прокуратураға шағым түсіріп, сол күні толтырылған барлық протокол, құжаттарды сұратпақшы.

Айта кетейік, Сандуғаш Дүйсенова «Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу» (147-бап) бабы бойынша айыпталып жатыр. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан.

Другие новости

Back to top button