АқшаГлавное

Салықшылар нақты қандай мобильді аударымдар бақылауға алынғанын түсіндірді

Мемлекеттік кірістер комитеті нақты қандай мобильді аударымдар бақылауға алынғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жеке тұлғалардың кірісін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлының айтуынша, дәл қазір мобильді аударымдардың сомасы ескерілмейді, тек саны есепке алынады.
«Бүгінде ай сайын 100 және одан көп тұлғалардан үш ай қатарынан мобильді аударым алынса, бақылауға алынады. Бұл жерде 100 аударым 100 түрлі адамнан түсуі керек. Мысалы, қаңтар айында 100 түрлі адам, ақпан айында 100 түрлі адам, наурызда 100 түрлі адамнан мобильді аударым түссе, сонда ғана ол назарға ілінеді»,-деді Көптілеуұлы бүгінгі брифингте.
Ал 255 мың теңгенің шегі әлі қабылданған жоқ. Сондықтан мобильді аударымдардың сомасы әзірше назарға алынбайды.
Айта кетері, 2025 жылдан бастап банктерден жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайларына қатысты ақпарат алынады. Банктер 2024 жылдың қорытындысы бойынша есеп ұсынады.
Бұған дейін мемлекеттік қызметшілер, бюджет және квазимемлекеттік сала қызметкерлерінің мобильді аударымдары бақылауға алынған болатын. Ал 2026 жылдан бастап барлық жеке тұлғаның аударымына қатысты ақпарат салық органдарына түседі.

Другие новости

Back to top button