Салық органдары қазақстандықтардың офшорға жасырған 1,4 млрд теңгесін тауып алды

Қазақстан азаматтары 1,4 миллиард теңгесін офшорлық юрисдикцияларда ашылған шоттарда сақтап отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ЭЫДҰ-ға қатысушы елдер автоматты алмасудың бірыңғай стандарты (CRS) аясында жыл сайын жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ бенефициарлық меншік иелерінің шоттары туралы деректермен алмасады. Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстан бюджетіне 5,4 млрд теңге түскен.
«Мемлекеттік кірістер комитеті шет елдердің салық органдарынан алынған ақпарат негізінде Қазақстанның 2 мыңнан астам резидентіне тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 1 602 қазақстандық 5,4 млрд теңге сомасына жеке табыс салығын төледі. Алынған кірістерден, соның ішінде дивиденд пен сыйақы түріндегі ең көп сома БАӘ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия елдеріне тиесілі», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, МКК ақпаратынша, қазір қазақстандықтардың офшорлық юрисдикцияда ашылған банк шоттарында 1,4 млрд теңге жатыр. Ең көп сома Панама (1,2 млрд теңге), Вануату (0,2 млрд теңге) және Сан-Марино (0,1 млрд теңге) елдеріне тиесілі.
Комитет Қазақстан CRS аясындағы ынтымақтастық географиясын кеңейте беретінін атап өтті. Мәселен, 2021 жылы 51 юрисдикциямен деректер алмасса, 2024 жылы олардың саны 89-ға жеткен, соның ішінде 26-сы – офшорлық ел.