ГлавноеГосорганы

Салафизм ұлттық мүддемізге қатер төндіріп тұр – Ермұрат Бапи

Мәжіліс депутаты бұл мәселені шұғыл реттеу керектігі жайында Үкіметке тағы да сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық мүддемізге қатер төндіріп тұрған салафизм туралы айтып, тағы да дабыл қақты. Ол Парламент қабырғасында әбден асқынған бұл мәселені шұғыл реттеу керектігі жайында Үкіметке тағы да сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілішсі.

Депутаттың сөзінше, қаптап кеткен «измдер» жастардың болашағына балта шабады.

«Елдегі теріс исламдық салафиттік ағым ұлттық және мемлекеттік мүддемізге қатер төндіріп тұр. Ол туралы өткен аптада Мәжілісте депутаттық сауал жолданды. Ол сауалдар еріккеннің ермегі емес. Қазақстанның қоғамын, оның рухани ортасын барған сайын меңдеп бара жатқан, түрлі «изм», арабизмдердің алдын алудан туған жандәрмен азаматтық алаңдаушылықтың әрекеті еді. Құрметті әріптестер, біз мемлекетіміздің тұтастығы мен қастерлі ділін, ұрпағымыздың болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Біз ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, мемлекеттің ішіне іріткі салған жат діни ағымды санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз. Бірақ депутаттар қаққан дабылды «Ислам дініне қарсы шықты» деп әлдекімдер әлеуметтік желіде Ринаттың 80 пайызы сияқты өңін айналдырып, дабыра салып жүр. Ескерте кетейін, біз Исламға, елдегі Әбу Ханифа мәсхабына қарсы емеспіз. Біз дәстүрлі дінге қарсы салафизм-уахабизм саласына қарсымыз», — деді Ермұрат Бапи.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдайтынын білдірді. Оның сөзінше, заңнан бөлек, мемлекеттік органдардағы ұйымдастыру жұмыстарының шалалығы да жағдайдың ушығуына себепкер.

«Тамыз айынан бастап осы мәселемен шұғылдана бастадым. Теологтарды, діни бірлестіктердің өкілдерін шақырдым. Олардың да ойы сіздермен пікірлес. Ұсыныстарды олар да қолдап отыр. Осыған қосымша тағы үш проблема бар. Бірінші, әлеуметтік желілерде әртүрлі діндерді насихаттайтын контенттерге тосқауыл қоя алмай отырмыз. Екінші, біздің қоғамдағы діни сауаттылықтың төмендігі. Тіптен, мемлекеттік органдарда осы жұмыстарды реттейтін ұйымдар мен ұйымдастыру жұмыстарында әлі шалалықтар бар. Мектептегі хиджап мәселесінде мемлекеттік органдардың толық жауап бермеуі үлкен пікір-таласқа алып келді», — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Оның сөзінше, алдағы уақытта заңға өзгерістер енгізіледі. Зерттеп, зерделеу барысында шетелдің тәжірибелері да сараланған.

«Концептуалды құжаттар жөнінде 2011 жылы дін және діни бірлестіктер жөнінде заң қабылданған. Сол заңды орындау үшін соңғы бес жылда үш концептуалды құжат қолға алыныпты. Тұжырымдаманы орындау жөнінде кешенді жоспар, сосын 2018-2020 жылдарға арналған діни экстремизм және радикализмге қарсы мемлекеттік бағдарлама болған. Атқарылған жұмыстардың бәрін тізбелеп отырудың қажеті жоқ. Бүгінде бұл үлкен проблема болып отыр. Дін өте нәзік нәрсе, адамның танымы. Сондықтан біз көп нәрсені заңды түрде реттеуіміз керек. Сауда Арабиясының өзінде діни бірлестіктерді мемлекеттік реттеу функцияларын күшейтіп жатыр. Заңға өзгеріс енгізу керек. Мемлекеттің зайырлы қағидаттарын нығайту және діни бірлестіктердің мемлекеттік реттеу мәселелерін күшетуге өзгеріс енгізетін болсақ бүгінгі жұмыстарды дұрыстауға болады», — деді Тамара Дүйсенова.

Другие новости

Back to top button