Сайлауалды бағдарламаның мүлтіксіз орындалуын жеке бақылауыма аламын – Президент
Сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағы толық орындалуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президентті ұлықтау рәсімінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз. Осы қағидаттар менің сайлау алдындағы тұғырнамамда нақты көрініс тапты. Мен оның әр сөзіне, әр сөйлеміне терең мән бердім. Сайлауалды бағдарламам – бұл ұзақ ой-толғау мен ізденістің нәтижесі. Тіпті, жүрегімнен шықты десем, артық айтқандық емес», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент нақты іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз ететін арнайы Жарлыққа қол қоятынын айтты.
«Халықтың бастамаларға қолдау білдіріп, үлкен үміт күтіп отырғанын білемін. Тұғырнаманың әрбір тармағы толық орындалуға тиіс. Мен ол үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Осыған байланысты арнайы Жарлыққа қол қоямын. Бұл Жарлық нақты іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Бағдарламаның мүлтіксіз орындалуын жеке бақылауыма аламын», — деді Қ. Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін ел астанасындағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенті ретінде ұлықтау рәсімі өтуде. Бұл инаугурация – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші ұлықтау рәсімі.
Еске салсақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысы бойынга 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын.