Кызылординская область

«Рұқсат алмастан ота жасаған»: Қызылорда облысында ер адам әйелінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

Қызылорда облысында аудандық перзентханада көз жұмған Айзат Қаймақбаеваның күйеуі қайғылы оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр. Оның сөзінше, аурухана мамандары әйелді босандыру үшін жақындарынан рұқсат алмастан ота жасаған. Дәрігерлердің салғырт жұмысы қайғылы оқиғаға тікелей себеп дейді жолдасы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Қайғылы оқиға екі ай бұрын болса да, жауаптылардың бір де бірі жазаланбаған. Олардың әрі арай жұмысын жалғастырып жатқаны марқұмның жақындарының аразылығын тудырды.


Қазан айының басында Айзат Қаймақбаева толғағы жеткен соң перзентханаға өзі барған. Күйеуінің айтуынша, келіншегінің жүктілік кезінде денсаулығы жақсы болған. Ал дәрігерлер әйелді босандыру үшін түн ішінде ота жасапты. Ол үшін бізден рұқсат та сұрамады дейді. Кесір тілігі арқылы кішкентай сәби аман қалғанымен, 35 жастағы анасы көз жұмған. Сап-сау әйелім дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды дейді марқұмның жолдасы.

«Аннестизиолог местный наркоз салды да омыртқасына, содан кейін кетіп қалды. 20 минут бойы науқастың жағдайына қараған жоқ. Кесарево алды, сол баланы алған сәтте бірден келіншегім қайтыс болып кетті. Түнгі 12-1 шамасында бұлар операция жасаған. Ешкімнің иә қолхаты жоқ. Бұл кісілер өзінің жазасын алса екен деймін», – дейді марқұмның күйеуі Жандос Қаймақбаев.

Жарынан айырылып, төрт баламен жалғыз қалған ер адамның сөзінше, әйелінің өліміне кінәлі дәрігерлер әлі күнге дейін жазаланбаған. Ал денсаулық сақтау басқармасының өкілдері марқұм өте сирек кездесетін дерттен көз жұмды дейді. Бірақ бұған байланысты тексеру жұмыстары әлі де жүріп жатыр екен.

«Өлім себебі өкпе артериясының тромбоэмболиясы дейді. Бұл жүкті әйелдер үшін қауіп тобына жатады. Өйткені ол қан айналымына байланысты. Енді әлде де бізде тексеру жұмыстары министрлікпен жүріп жатыр. Ол зерттеу әлі де екі-үш рет жүргізіледі», – дейді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мырзанова.

Айзаттың өліміне дәрігерлердің кінәсі бар, не жоғы әзірге белгісіз. Ал жарынан айырылған азамат дәрігерлердің қатаң жазалануын талап етеді.

Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты полицейлер “дәрігерлердің кәсіби міндеттерін тиісті орындамауы” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Айта кетейік, бұған дейін Тараздағы ауруханада көз жұмған 18 жастағы Ернұр Абдуллаевтың туыстары жігіттің өліміне дәрігерлерді кінәлайтыны туралы жазған едік.

Другие новости

Back to top button