Жамбылская область

Ресейлік кәсіпкер басқаратын Тараз қант зауытының жұмысшылары жеті айдан бері жалақы ала алмай жүр

Ресейлік кәсіпкердің қолына өткен Тараздағы қант зауытының жұмысшылары жеті айдан бері жалақы алмағандарын айтып, шағым білдірді. Сондай-ақ олар бүтін жұмыс киімі мен құрал-саймандарға жарымағандарына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Қант зауытының қызметкерлері өндіріс орнын Ресей азаматы алғалы қарапайым сыпырғышты да, қара жұмысқа киетін киімді де, тіпті құрал-сайманды өз қаражаттарына алатынын айтады.

“Айлық дұрыс берілмейді. Сыйақы деді, бірақ сыйақысы да жоқ. Ештеңе жоқ”, – деді жұмысшы Нұржан Тамаев.

500-ге жуық қызметкері бар Тараз қант зауытын ресейлік кәсіпкер Павел Демидов сатып алған. Жалақыға да, қарапайым қолғапқа да жарымай жүргеніне наразы.

“Шомылатын су өте салқын, ешқандай жағдай жасалмаған. Не киім жоқ. Бір рет шығамыз. Бізге “мақұл-мақұл, шыдаңыздар, ресейліктермен сөйлесеміз дейді да, жоқ болып кетеді”, – деді жұмысшы Айдос Базарбаев.

Қызметкерлер бұған дейін сан мәрте шағымданған. Бірақ ұсыныс еленіп жатқан жоқ дейді. Басшының орынбасары мұны есепшінің құжаттан кешіккенімен түсіндірді. Тіпті құрал-саймандар мен қолғаптарды сатып алған. Қазір қоймада тұр екен. Тек жеті айдан бері басшылықтың рұқсатын күтіп жүрміз дейді.

“Түсініспеушілік біздің есепшілердің үлгермеуінен туындап тұр. Осы олқылықтың орнын толтырып, 1-2 күнде әрбір жұмысшыға сыйақы береміз. Қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешекті енді сатып алдық. Қазір қоймада. Жақын арада бәріне беріледі. Ал жалақы жыры неге 7 айдан бері шешілмеді деген сұраққа директордың өзі жауап береді”, – деп мәлімдеді Тараз қант зауыты директорының орынбасары Арман Жотабаев.

Екі айдан бері күрделі жөндеуге жабылған зауыттың қашан іске қосылары белгісіз.

Другие новости

Back to top button