Главное

Рамазан-2025: басты сұрақтарға жауап

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Наруызбай қажы Тағанұлы Рамазан айы қарсаңында көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РАМАЗАН АЙЫ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ

ҚМДБ-да бүгін баспасөз мәслихаты өткізіліп, басты сұрақтарға жауап берілді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекіткен.

Ортақ пәтуаға сәйкес, биылғы қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

ОРАЗАНЫ КІМДЕР КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРА АЛАДЫ

Бас мүфти атап өткендей, Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болады. Бұған шариғат рұқсат береді.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат, – дейді Бас мүфти.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап екені аталып өтті.

ҚАРЫЗҒА АЛЫП, АУЫЗАШАР БЕРУГЕ БОЛА МА

Бұл сұрақ баспаөсз мәслихаты барысында қойылған. Наурызбай қажы Тағанұлы шамасы келген адам садақа және ауызашар беретінін айтты.

Қарызға батып, ауызашар бергеннен гөрі, ауызашар беруге ниет қылып, кішкене құрма немесе бір жұтым су болсын – ауызашар ретінде берсе, соның өзі жеткілікті, – дейді ол.

ОРАЗАНЫҢ ЕКІ ПАРЫЗЫ ҚАНДАЙ

Наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы оразаның басты екі шартының біріншісі – ниет, екіншісі – таңсәріден күн батқанша ішуден, жеуден, төсек қатынастан тыйылу екенін атап өтті.

ҚМДБ-ДАН ӨТІНІШ

Наурызбай қажы Тағанұлы қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі екенін айта келе, бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал екенін, дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегін жеткізді.

ДІНИ ТЕРМИНДЕР ЖАЙЛЫ

Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды ифтар, сәресін сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша арылуымыз керек, – деді Бас мүфти.

СҰРАҚТАРҒА ҚАЙ ЖЕРДЕН ЖАУАП АЛУҒА БОЛАДЫ

Рамазан айы қарсаңында MuftyatBot деп аталатын телеграм-ботын іске қосылған. Жаңа телеграм-бот арқылы жалпы діни сұрақтарға жауап алуға болады. Яғни бұл жоба шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған. Сонымен қатар мүфтият мамандары облыс, қала, аудан және ауылдың, барлығын есептегенде еліміз бойынша 6 000 елді мекеннің ораза және намаз кестесін жоғары сапада ПДФ форматта muftyat.kz сайтына жариялаған. Өзіңізге қажетті өңірдің ораза және намаз кестесін сайттан және телеграм боттан жүктеп алуға болады.Сондай-ақ Мүфтият жанындағы Діни ақпарат беру, яғни колл орталығы тәулік бойы жұмыс істейтінін қаперлеріңізге саламыз. Колл орталықтың нөмірі – 8 707 233 30 30. Қайталап айтамын: 8 707 233 30 30.

Другие новости

Back to top button