Культура

“Қызымды 6 ай өмір сүреді деп айтқан”: “Өнер қырандары” театрының актері Құдырет Топаев басына түскен қиындықтары жайлы айтты

Сынаққа сабырлық танытуды насиғаттап жүрген “Өнер қырандары” театрының актері Құдырет Топаевпен тілшіміз сұхбаттасты. Әңгіме барысында актер өзінің Хафиза қызының емі мен басқа да қиындықтары жайлы сыр ашты. 

– Құдырет мырза, сұхбаттасудың сәті келгеніне өте қуаныштымыз. Ең әуелі сұрақты жеке бизнесіңізден бастайықшы…

– Иә, жеке әйелдер киімін сататын дүкеніміздің ашылу салтанатын жасап, тұсауын кестік. Негізі әйелім қыр-сырын біледі. Бірақ ол кісі бұл жақта болмағаннан кейін барлық жұмысы маған қалып жатыр. Әрине, жауапты қыздар бар. Алайда тауарды апару, әкелу, қадағалау, қол қою, қазақша айтқанда “барып кел, шауып кел” деген шаруалардың бас-қасында жүрмін.

– Бұл дүкеннің негізгі авторы әйеліңіз бе?

– Иә, жүргізуші – әйелім. Бірақ шешімді өзім шығарамын, қолды мен қоямын ғой. Біздің ұрпақ бала кезден бейімделіп, күн көруге тырысып өстік қой. Бала кезімде алюминий өткізуден басталған менің алғашқы саудадағы қадамдарым. Сол кезден қалыптасқан қасиет.

– Ал қазір тренд болған курс өткізу, тренинг өткізу туралы не айтар едіңіз?

– Жоқ, мен ол нәрсеге жоқпын. Көрініп тұрған затты сатуды, жарнамалауды қатырып жіберемін. Дегенмен тек сөйлеп, курс өткізіп ақша таба алмаймын. Сосын қосымша көлікпен айналысамын. Темір тұлпарға қызықпайтын еркек жоқ шығар. Өзіме ұнағанын сатып әкеліп, аз уақыттан соң сатып ләззат аламын.

– Қаржы сауаттылығын қаншалықты меңгергенсіз?

– Мен ақшамен қатты “дос” емеспін. Мен қолыма ақша түссе, жаратуға асығамын. Беріп жіберемін. Біреудің қиналғанын көрсем, көмектесіп жіберемін. Негізі қаржылық сауаттылықты үйрену керек екен. Біздің театрда Мелс сондай қаржылық сауаттылық, ақшаны есептеп, санауға мықты. Маған да барып үйренуге кеңес беріп жүреді. Қазір менің қолыма 10 млн теңге берсе, не істеу керек екенін білмеймін. Мүмкін, туған-туыстың жағдайын реттеп алайын дейтін шығармын.

– Сіз ерекше қызыңызды Instagram-ға жиі салып тұрасыз. Көп өнер адамдары керісінше жасайды. Мұндағы мақсат не?

– Басты мақсат — үміт сыйлау. Арада 7 жыл болды. Осы жылдардың ішіндегі ерекше балалары бар ата аналардың 90%-ын танимын. Көбісі жасырады. Қоғамнан бөліп тастайды. Олардың да қоғамда өзінің хақысы бар. Мүмкіндігі шектеулі деп айтады. Қалшабек Абай деген ағамыздың: “Мүмкіндігі шектеулі деген адамның өзінің мүмкіндігі шектеусіз бе екен?” деген сөзі маған ұнайды. Бәріміз шектеуліміз негізі. Бірнәрсеге қолың жетсе, өзгесіне жетпейді. Сондықтан мен қызымды үміт сыйлау үшін желіге саламын. Көп ата-аналар ұялады, қысылады. Бірақ бұл – Алланың берген сынағы. Оның да өзінің өмірі бар. Ортаға алып шығу керек. Көріп үйренсін, қашанғы тыға береміз. Бір жағынан ата-аналарға мотивация болса деймін. “Балам ауырып қалды” деп қоғамнан алыстап жүреді. Мен де басында азып-тозып жүретінмін. Қазір кішкене толғаныма қарағанда уайымды жеңген сияқтымын. Жоғарыда айтқанымдай, бұл, біріншіден, сынақ. Екіншіден, оны қалай бар солай қабылдау керексіз. Мен жиі үлкенімді, Ибраһимді, Мариямды саламын. Неге мен Хафизаны салмасқа? Ол да менің қызым. Қоғам осы нәрсеге үйрену керек. Баласы ауыратын осындай ата-аналарға айтарым: Ешнәрсеге көңілді түсірмеу керек. Ертең сол қыз, бала сені жәннатқа апарады.

– Биыл 1-сыныпқа баратын жылы. Қандай сезімде болдыңыз?

– Мұны әйелім Instagram-ға салған кезде жүрегім ауырып кетті. Бірақ біз бар нәрсені түсінеміз, қабылдаймыз. Мен: “қызым 1-сыныпқа бармаса да, оның жеке бизнесі бар. Өзінің дүкеніі бар. Құдірет деген әкесі сияқты жұмысшысы бар, анасы, қолы, көзі бар” деп жиі айтамын. Бәрін қызым үшін істеп жатырмыз. Алла нәсіп етсе, күндердің күні қызым аяққа тұрса, бар нәрсе артта қалады ғой. Көп таныстарымыз “7жыл болды ғой. Қаншама ақшаң кетіп жатыр, үйіңді саттың, пайдасы бар ма? Өзгеріс бар ма?” дейді. Менің қызымды дәрігерлер “6 ай өмір сүреді” деп айтқан. Енді қараңыз, 6 ай өмір сүретін қызым 7 жасқа келді. Бұдан артық не өзгеріс керек?!  Ортопед, хирург Мұрахан есімді ағам бар. Ол кісі маған: “Құдірет, сенің қызың жыл сайын өзгереді. Былтыр қандай және биыл қандай? Солай ғана салыстыра аламыз” деп түсіндірген. Биыл көзінің фиксация өзгерді. Ендігі жылы тағы да өзгерістер болады деп сенемін. Тағы бір мақсатым – бұл нәтижемен тоқтамау, ертең өкінбеу. Ертен 15-ке келген кезде “неге мен сол кезде тоқтатып тастадым” деп өкінбеу үшін шамам жеткенше жалғастыруым қажет.

– Ерекше балалары бар отбасыларында көп кезде әкелер әлсіздік танытып жатады. Өз басым өмірде баласының емі үшін шырылдап жүрген жалғызбасты аналарды көп көрдім. Неліктен деп ойлайсыз?

– Ең бірінші дін болу керек сияқты. Дінді түсіну керек сияқты. Дінді түсінбесе, “неге?” деген сұрақ көп болады. Өмірдің, өзінің мақсатын түсінбейді. Өмірде мақсатымыз не? Сол нәрсені айқындап алса, басына келген қиыншылыққа өзі жауап таба алады. Ондай әкелерге: “Отбасыңа қайтып бар. Ертең жәннатқа кіргізетін себепшің сол балапаның болмақ” деп айтқым келеді. Менің қызыма кім жәрдемдесті, соның бәрін Алла көріп тұр ғой. Ертең оның барлығы құр алақан қалмайды. Әркім өзінің сауабын алады. Әйелге ер адамның тарапынан тірекпіз ғой. Әйел адам мықты негізі. Ер адамның әйел сияқты қиындықтарға төтеп беруі қиын. Мысалы, мен әйелімнің мықтылығына қарап, мен де мықты болуға тырысамын.

– Қоғамдық мәселелерге ойыңыз қандай?

– Барлық жерге араласамын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Әйтеуір бір адамға жақсылық үйретіп, жамандықтан қайтарсақ, еселеніп келер деген ниетпен “Өнер қырандарымен” бірге еңбек етудеміз. Елге тигізіп жүрген бір пайдамыз осы шығар.

– Қолыңызда сиқырлы таяқша бар делік. Қандай проблеманы шешер едіңіз?

– Ойбай, көп қой. Менде тізім де бар. Мен Алматы облысында тұрамын ғой. Кемертоғанның жолын, Алтын Орданың көпірін, жолын жөндетер едім. Ал қалаға кіретін болса, білмеймін, миым ашып кететін сияқты. Сосын үй мәселесі ғой. Одан бөлек, жоғалып бара жатқан мамандықтар бар ғой, соларды насихаттайтын едім. Қазір бәрі блогер, бәрі өнер адамы, спортшы болғысы келеді. Қоғам алдында жүргісі келеді. Бірақ басқа да халыққа, елге пайдасын тигізетін мамандықтар көп қой. Мысалы, менің әкем зейнетке шығып кетті. Жасы 65-те. Мамандығы электрогаз балқытушы. Зейнетке шықса да, әлі жұмыс істейді. Менің әкемді еркелетіп, төбеге шығармайды. Аты үлкен компанияда қызмет атқарады. Не үшін зейнеткерді әлі жұмыста ұстап отыр? Себебі бұл салада мамандар жоқ.

– Қызыңызды Түркияға емдетіп жүрсіз. Сонда елдегі медицинаға көңіліңіз тола ма?   

– Бізде кейбір мамандық қатты дамымаған. Әсіресе, эпилептологтар қажет. Біздің де елімізде бар. Бірақ біздің емделу мәселеміз басқа. Қызымның судоргысын оятып алмау мақсатында жасалып жатқан процедура. Сондықтан тәжірбиесі бар мамандармен ем жалғауды жөн санадық..

– Неге көп қазақ Түркияға көшуде?

– Маған да бұл сұрақ өте қызық.  Бірақ өз еліңе еш жер жетпейді. Меніңше, тұрмыстық тіршіліктің тапшылығы шығар мүмкін. Баяғы сол Instagram-нан Стамбұлға кетіп, дамыған бір қазақты көріп қызығатын шығар. Бір қызық айтайын Стамбұлда қазақтар бір-бірімен амандаспайды. Қазақ қайда жүрсе де бір-бірін тартып жүруі керек. Сен  біреуге көмектесіп жібергеннен сенің ризығың азаймайды, керісінше көбейеді. Жалпы шетелге барып тұруды мен құптамаймын. Біздің елге жететін ел жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Другие новости

Back to top button