Кызылординская область

Қызылордада секс құлдыққа түскен қыздың ісі бойынша тағы адамға шешім шықты

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы К.-ға қатысты кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту, сондай-ақ сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот күдікті жәбірленушінің кәмелетке толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегенын анықтағанын мәлім етті.

Сонымен қатар, ол бірнеше рет жәбірленушілер К., О., К.Г., Д.-лардың сеніміне қиянат жасап, жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатып, облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге барған.

СОТ ШЕШІМІ

“Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.  Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуын, соттылығының болмауын жатқызды; қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 134-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды” делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енбеген

Қазіргі уақытта облыс соттарының өндірісінде осы жоғарыда аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған ҚК-тің 309-бабының 2-тармағы (жеңгетайлық) бойынша 2 іс, ҚК-тің 299- бабының 3-тармағы (есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар екені айтылды.

16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДЫҢ ОҚИҒАСЫ

Биыл тамыз айының басында Қызылорда қаласында мектеп оқушысының анасы сыныптастары қызын есірткі қолдануға мәжбүрлеп, күштеп ұстағанын, ақша бопсалап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін мәлімдеген. Кейін оқиғаның егжей-тегжейі арнайы өткен брифингте баяндалды. «Не молчи» қоғамдық қорының араласуымен сұмдық деректердің беті ашылды. Сол күні белсенді Айсана Әшім «16 жастағы қызды 1000 еркек зорлағанын» айтып дабыл қақты. Бұдан бұрын оқушыны секс-құлдыққа салған 13 адам бары айтылған. Жәбірленуші қыздың анасы Ulysmedia.kz-ке сұхбат беріп, іс бойынша 200 адам тергеліп жатқанын айтқан.

Өткен айда ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха іс бойынша 13 фигурант анықталып, олардың 11-і қамауға алынғанын хабарлаған еді.

Ал таяуда істегі сотталушының біріне үкім шықты. Соттың мәліметінше, сотталушы Т. кәмелетке толмаған жәбірленушіні ар-намысына тиетін ақпарат таратамын деп қорқытып, одан 700 мың теңге талап еткен, сондай-ақ сөмкесіндегі 35 мың теңге ақшасын алып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, ол сотталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Ал Ulysmedia.kz тілшісі оқушының анасымен сөйлескен кезде ол “отбасы аты-жөнін өзгертіп, басқа қалаға көшетінін” хабарлаған еді.

Другие новости

Back to top button