Госорганы

«Қызметтен кетіре алмай жатыр»: Шымкенттегі аурухананың бас дәрігері Тоқаевтан көмек сұрады

Ол қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысынан қысым көріп жатқанын айтты

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай басшылық тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Ол соңғы екі айда өзіне қарсы науқан жүріп жатқанын айтады.

Бас дәрігердің видеоүндеуі журналист Михаил Козачковтың Telegram-каналында жарияланған.

«Соңғы екі айдан бері жұмыс істей алмай келемін, өйткені қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков тарапынан қысым болып жатыр. Осы екі айдан бері мүлдем операцияға кірмеймін, науқастарға ақыл-кеңес айтпаймын. Өйткені, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді, үстімнен түрлі жөн-жосықсыз арыз-шағымдар ұйымдастырады. Сол арыздардың негізінде тексерулер болады. Соңғы екі айда түрлі органдардан, оның ішінде құқық қорғау органдарынан да 20-дан астам тексеру келді. Бірақ, ешбірінде арыздағы мәліметтер дәлілені таппады», — дейді Абылай Донбай.

Денсаулық сақтау басқармасының бас дәрігері мені қызметтен кетіре алмай жатыр дейді ол. Тіпті, ашық қоқан-лоққы жасаған да көрінеді.

«Нұрлыбек Асылбековпен жеке сөйлестік, ол маған сөгіс беремін, артынан қатаң сөгіс, сосын қызметтен қуамын деп ашық айтып отыр. Мен шетелде оқығаннан кейін сол жаққа кетіп қалмай, өз елімде қызмет қыламын деп осында қалдым, Шымкентте денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосып келемін», — деп араша сұрады дәрігер Қасым-Жомарт Тоқаевтан.

Қазір Абылай Донбай әлеуметтік желіде өзіне қарсы науқан ұйымдастырған фэйк-аккаунттарды анықтау үшін полицияға арыз түсіріпті. Айтуынша, Telegram-каналдарда белгісіз біреулер оның ар-намысына, беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтер таратумен айналысып келеді екен.

 

Другие новости

Back to top button