Карагандинская область

«Қызметіме қос бүйрегімді бердім, енді министрліктің көмегіне зәрумін»: қарағандылық өрт сөндірушінің жанайқайы

43 жастан енді асқан Ұлан Секебаев отбасы мен төрт баласының болашағына қатты алаңдайды

Бүгінгі кейіпкеріміз – 18 жыл бойы отпен алысқан адам. Тура мағынасында. Ақадыр кентінде өрт сөндіруші болып жұмыс істеген Ұлан бұл жылдары қанша адамға көмектессе, қазір өзі сонша адамның көмегіне зәру. Өйткені, екі бүйрегі істен шыққан. Күнара Қарағанды қаласының емханасына барып диализ алады. Яғни, жасанды жолмен қан айналдырып, денесінен зәр шығартады. Өйткені Ақадырдағы емханаларда мұндай қызмет көрсетпейді.

«Ауырғанымды бірден білген жоқпын. Бір күні жергілікті емханаға барып тексерілдім. Дәрігерлер ары қарады, бері қарады, әуел баста дертімді емдеп алуға тырысты. Ақыры, болмайды деді. Біз өмір бойы суық жерде су басып жүреміз ғой. «Саған әбден суық өткен» деді. Содан, еңбек өтілім жетіп тұр, зейнетке шығайын дедім. Дәрігерлер де, басшылық та зейнетке шыққанымды құп көрді. Осылайша, 2016 жылдан бастап денсаулығыма байланысты зейнетке шықтым», — дейді Ұлан Секебаев.

2016 жылдан бері оның ауруы асқынып кеткен. Ұланның өмірін бір сақтаса бүйрек трансплантологиясы сақтайды. Кез келген мүмкіндікке жармасып отырған отбасы үшін әрине, бұл қуанышты жаңалық. Бірақ, Қазақстанда сол бүйрек трансплантологиясын жасату проблемаға айналған.

«Жетпіс жастағы әкем донор болуға дайын. Алайда, қазақстандық дәрігерлер ол кісінің жасы үлкен деп, операция жасамайтынын айтты. Әрине, маған басқа донорлар ұсынып отыр, мысалы, жол апатынан қаза тапқандардың бүйрегі бар. Бірақ, ондай бүйректер 2-3 жылдан кейін істемей қалады екен. Яғни, менің ағзам ол бүйректерді қабылдамай қалады», — дейді Ұлан.

Жан-жақтан ақпарат іздеген ол Түркияның тәжірибесін зерттеп, сол елге барып ем қабылдап келген азаматтармен сөйлескен.

«Түркияның дәрігерлері жетпіс жаста болса да әкемнің бүйрегі жарай береді дейді. Ол жақта бәрі автоматтандырылған. Олар тәжірибелі мамандар, донордың жасынан қорықпайды. Сонымен қатар, операциядан кейін адамның 10 жыл нақты өмір сүретініне кепіл береді. Бірақ, бұл елге барып операция жасату үшін 30 млн теңге керек. Менде мұндай қаражат жоқ», — дейді Ұлан Секебаев.

Дегенмен, қазір Ұланның отбасы тәуекелге бел буып, Түркияға бару үшін құжат жинай бастаған. Сонымен қатар, жан-жақтан қаражат іздеп жатыр.

«Ақша керек. Кешеден бастап қаражат керек екенін айтып, әлеуметтік желіге шықтық. Әзірге, өте аз ақша түсті. Өзім Төтенше жағдайлар министрлігінен көмек сұрап, хат жазайын деп отырмын. Кезінде әріптестеріміздің немесе басқа азаматтардың басына қиындық түскенде, талай рет бір күндік жалықымды аударғанмын. Енді маған да көмек беретін шығар деп үміттеніп отырмын. Сондықтан Төтенше жағдайлар министрлігінен көп үміт күтемін. Маған әлі өмір сүру керек, төрт баламды асырау керек», — дейді Ұлан.

18 жыл бойы талай адамның өмірін өрттен құтқарған Ұлан Секебаевқа көмектесеміз деген жомарт жандар болса 8 776 596 66 56 (Ұлан Секебаев) нөміріне хабарласа алады.

Azattyq Ruhy ақпарат агенттігі Қазақстандағы орган трансплантологиясында кездесетін түрлі кедергілер туралы, сондай-ақ ауылды жерлердің тұрғындары үшін диализдің қолжетімсіздігі туралы жазу үшін Денсаулық сақтау министрлігінен ақпарат сұратты.

 

Другие новости

Back to top button