ҚҰТҚАРЫЛҒАН ӨЛДІ. ӨЛГЕН ҚҰТҚАРЫЛДЫ
Біз Финляндияның бұтынан екі допты өткізіп жібергенімізге есіміз шығып жатқанда Израиль Палестинаның Ғаза аумағындағы аурухананы бомбылап, кемінде 800 адамның (көбі бала, әйел) өмірін қиды кәзір. Мыңдағаны аяқ-қолсыз ирелеңдеп, көзі ағып, кеудесі тесіліп, мүгедек боп қалды ал. Бұл жаңалықты оқығанда былай етіңізді отпен қарығандай сезінесіз бе бірнәрсе? Әлде дым сезбейсіз бе? Тик-токтағы Сампоның эфирінде жеңілген қыз маңдайына “МАЛ” деп фломастермен жазып жатқанын тікелей эфирде тапжылмай қарап отырған 50.000 адам сезіне ме? “Осы күні тым Құдайшыл боп кеттік, мешіт көбейіп кетті тегі” деп, Алланың мейірімінен өз ырқымен безіп жатқан қазекемдер сезіне ме? Ардақты Пайғамбарымыздан қалған хадисті көбі біледі. “Мүміндер біртұтас дене тәрізді. Оның бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады” деген. Сенің бір аяғыңды ешқандай наркозсыз, аралап жатыр қазір. Ол аяқ — Ғаза аймағы (Газа секторы)..
Израиль мен Палестин өшпенділігі неден басталды, ХАМАС әрекетіне ЦАХАЛ қимылы қандай болды деп әріге кетпейін. Жай ғана Ғаза аймағының қазіргі жағдайына сөз арнайыншы. Картаға қараңыз, Ғаза — бұл Палестинаның бөлігі. Бірақ, негізгі мекенінен Израиль бөліп тастаған. Арасында жол жоқ. Өзі титімдей. 360 шаршы шақырым ғана. Алматының жартысына да жетпейді көлемі. Былай 40 шақырым, енінен 10 шақырым. Жерорта теңізіне тіреледі бір жағы, бір шеті Мысырға, қалғаны Израильмен шектеседі. Осында 2 млн 300 мыңдай палестиналық өмір кешіп жатыр ғой. Енді сол Ғаза, міне 16 жыл болды, толық бұғауда, просто толық.. Айнала 65 шақырымдық бетон қабырғамен қоршалған. Ол қабырғалардың биіктігі 9 метрге барады. Жердің астынан да темір қабырға бар. Тоннель қазып, шығып кетпесін деп. Әлгі қабырғадан біреу асып түсемін десе де, әр екі шақырым сайын Израиль тарапынан қойылған пулеметтер қағып тастайды. Олар тағы алыстан басқарылады. Ғазада теңіз болғанмен, балық аулай алмайды. Израиль кемелері жағадан алыстатпайды ешкімді. Портты бомбылап тастаған. Кеме тоқтамайды. Әуежайды да қиратқан. Ұшақ ұшпайды
Өз еркіне қалдырған секілді қылғанымен, түгелдей Ғазаны өзіне тәуелді етіп қойған жөйіттер. Шекарадан бейбіт кезде тек азық-түлік, бензин, дәрі алып өтуге рұқсат беретін. Қалған дүниенің біреуін де кіргізбейтін. Ол — қарындаш, футбол добы, кітап, ыдыс, тоңазытқыш, кіржуғыш мәшине, шырпы, көзілдірік, матрас, қармақ, мүгедектер арбасы.. Дажы ине. Құрылыс материалдарын, әсіресе. Израиль бомбылап, үйлерін жарамсыз етіп тастайды да, бірақ, қайта салуға бетон, арматура, сым, қысқасы, дым өткізбейді. Ауыз судан қысып тастаған. Оны тұшыландыратын отынды да Израиль қасықтап береді. Дәрі аз. Жұмыс жоқ. Тоқ бұрын күніне ары кетсе 13 cағаттай болатын, қазір ол да жоқ. Көбі кедей. Сосын үнемі қорқу, ұдайы үрей оңай тисін бе, жүйкеден кеткен. 93%-інде үрейлі күй, 44%- інде ауыр күйзеліс бар депті бір деректе. Билігінде ХАМАС деген басбұзарлар отыр. Оларға жай халқы арқа сүйемейін десе, қорған боп отырған солар. Бірақ, соларды сылтау етіп, енді Израиль сол жай бұқараны қырып-жойып барады. Сондықтан, бұл елдің бөлігі емес. Бұл — ашық аспан астындағы үлкен концлагерь.
Және мен концлагерьдің қандай болатынын жақсы білемін. Польшадағы әйгілі Аушвиц- Биркенау түрмесінде әйелдің 4 тонна шашын көріп, көзімнен жас бұрқ ете қалған. Ол кезде ол шаш еврейдікі ме, мұсылмандікі ме, папуастікі ме, атеистікі ме, бәрібір еді. Адам ғой ол. Адамның тағдыры ойыншық болған. Енді сол фашистердің өздеріне жасаған қысастығын жөйіттер тура қайталап жатыр. Бір атадан туған бауырласына. Білесіз ғой, араб та, еврей де Ибраһим пайғамбардың әр әйелден туған балаларынан тараған. Миллиардтап деп санымен мақтанатын мұсылман жамағаты шарасыз. Менің бұл жазбам да өзімнің әлсіздігімді мойындау. Жазу менікі, ары кетсе, дұға. Дұға тағдырды өзгертеді дейді. Ендеше, бұл атқара алатын үлкен істен ғой. Е, Алла тағала, зұлымдыққа ұшырағандардың есебін түгендеп бер, қорғансызға қорған болғын
Таңғы 04.56
Блогер Өркен Кенжебектің желідегі жазбасы