Құмарлық, бәс тігу, ұлттық қауіпсіздік: лудоманияны тоқтатудың жолдары қандай
Елімізде соңғы жылдары бәс қабылдайтын букмекерлік орталықтар, заңсыз ойын бизнестері ерекше қарқынмен көбейді. Салдары сол, қазір құмар ойынға жан-тәнімен беріліп, тапқанын салатын лудоман жастардың қатары көп. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне зор қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Мемлекет тарапынан осы қиындықты шешіп қана қоймай, алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? Azattyq Rýhy осы тұста жауапты министрліктің жұмысына шолу жасап шықты. Сонымен қатар, психолог Назгүл Темірғалиевамен сұхбаттасып, лудоманияның негізгі себептері мен емделу жолдарын қозғап өттік.
МЕМЛЕКЕТ ЛУДОМАНИЯНЫ ТОҚТАТУ ҮШІН НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?
Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында лудомания тақырыбын қозғап, қоғамдағы өзекті мәселені көтерген.
«Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады», — деген еді Мемлекет басшысы.
Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз ойын бизнесі туралы жаңа заңға қол қойып, шешімін таппай келген түйткілді мәселелерге нүкте қойды.
Бұдан бөлек, биыл ақпан айының соңына таман Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, кездесуде лудоманияға және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес мәселесі талқыланды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин төрағалық еткен жиында аталмыш мәселелерге қарсы күрес шараларын қамтитын құжатты әзірлеу барысы пысықталды.
Ерлан Қариннің сөзінше, лудомания мәселесі қазіргі уақытта Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр. Айтуынша, құмар ойынның жетегіне негізінен өскелең ұрпақ еріп кетіп жатыр. Міне осы себепті Жастар саясаты жөніндегі кеңес ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған проблемамен күрестің орталығы ретінде саладағы жұмысты үйлестіріп отыр.
Отырыста кеңес мүшелері бүгінгі қоғам мен жауапты органдар бірлесе отырып, құмар ойынға қарсы күрес пен оның алдын алу шараларын біркелкі түрде орындауы қажет екенін айтты.
Ерлан Қарин отырысты қорытындылай отырып, Қазақстанда жасалып жатқан реформалардың жастардың келешегі үшін аса маңызды екенін және жастар қазірден-ақ өзгерістердің нағыз ортасында еңбек етіп жүргенін мәлім етті.
Кеңестің тағы бір отырысында лудоманияға қарсы іс-қимыл жөнінде заң шығару және тиісті жұмыстардыы үйлестіру мәселесі талқыланды. Сол сияқты заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөнінде кешенді жоспар әзірлеу мәселесі көтерілді. Ал Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік органдадың, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың жұмысын жүйелі түрде тиімді етіп ұйымдастыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
Кеңес барысында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы мәселе ортаға салынды.
Сонымен қатар, мәдениет және ақпарат министрлігі маусым айынан бастап, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе Мемлекеттік жастар саясаты мектебін ашты. Алғашқы семинар-тренинг Ақтөбе қаласында өтті. Бас-аяғы үш күнге созылатын семинарда лудомания, репродукциялық саулық мәселелері қарастырылған.
Министрліктің ұйымдастыруымен өткен тренингке қатысушылар құмар ойынның адам ағзасы мен өміріне қаншалықты әсер ететінінен хабардар болады. Іс-шарада негізгі көңіл құмарпаздықтың алдын алу жолдарына бөлінеді. Ведомство мәліметінше, репродукциялық саулық бойынша сауалдар халықаралық тәжірибе призмасынан қаралатын болады.
Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта Астана, Тараз және Қарағанды қалаларындағы Жастар ресурстық орталықтарында да жалғасын табады. Оның аясында 100 маман оқыту көзделіп отыр.
ҚҰМАР ОЙЫНҒА КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ БЕЙІМ КЕЛЕ МЕ?
Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар жеткілікті болғанмен, құмар ойынның жетегінен шыға алмай жүрген жастарымыз аз емес. Осы тұста психоанализ бағытындағы психолог Назгүл Темірғалиевамен сұхбаттасып, лудоманияның себебі мен салдары, шешім жолдары мәселесінде ой өрбіттік.
«Лудомания сөзінің тікелей аударғанда «ойынға ессіздікке дейін берілу», «ақылынан адасқанша ойнау» деген мағына береді. Мағынасына қарап-ақ таза психиатриалық ауытқу екенін байқауға болады. Осы ретте жуырда қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңға енгізілген толықтыруды тілге тиек етіп өткім келіп отыр. Бұл заң лудомандардың азаюына әсер етері сөзсіз. Ол ойын бизнесін реттеп, бақылауға алады, белгілі бір шектеулері бар. Дегенмен әлі де күшейте түскен жөн деп ойлаймын. Себебі, жекелеген тұстарда үйлердің жақтауларында спортқа бәс тігетін компаниялардың жарнамасы әлі де жарияланып тұрады. Бұл адамның бейсанасына бірден болмаса да ақырындап әсер етері сөзсіз. Кейбір адамдар ол туралы амалсыз ойлай бастайды. Психологиялық зерттеулерге сәйкес, адам күніне 6 мыңнан астам ой ойлайды екен. Бірақ оның бәрін саналы деңгейде сүзгіден өткізбейді. Бірақ, бейсаналы жаққа өткізіп жібереді. Соның ішінде жаңағы бәс тігетін компаниялардың жарнамасы есіне түсіп, неліктен байқап көрмеске деген ойды ойлай бастайды. Міне осы тұста толықтыратын тұстары бар деп ойлаймын. Себебі, құмар ойындарға деген тәуелділікті, нақты лудоманның ішкі психологиялық күйімен байланыстыра отырып, толықтай тоқтата алмайды. Лудоманияның жеңу үшін заңды шаралар жеткіліксіз. Бұл мәселені өте терең түрде, мінез-құлық және психикалық денсаулық деңгейінде шешу өте қажет. Қанша дегенмен, оның астары адамның құмар ойындарға деген бейімділігінде», — деді ойын білдірген психоаналитик.
Ол өз сөзінде кез келген адам лудоманияға бейім болмайтынын қозғап өтті. Айтуынша, әр адамның ағзасы ата-бабасынан келе жатқан қандай да бір ауруға бейім болса, лудоманияның да жөні соған ұқсас.
«Әдетте лудоманияға бейім адамдарда тәуелділік қызығушылықтан басталады. «Бір-ақ рет көрейін. Бір-ақ рет ұтып алайын» деп қалай кіріп кеткенін білмей қалады. Ал лудоманияға тәуелді емес адам бір-екі рет бәс тіккеннен кейін-ақ тоқтата салады. Ол айналасындағылармен барып, ойнап көруі мүмкін немесе басқалары ойнағанда қасында отыруы мүмкін. Құмар ойынды белгілі бір сәтте көңіл көтеру ретінде ғана көреді. Бірақ тәуелді болып, басымен кіріп кетпейді», — деп ойын жеткізді маман.
«ЛУДОМАНИЯ — АУРУДЫҢ БІР ТҮРІ»
Психолог маман құмар ойынға тәуелділіктен емдеу ұзақ уақытты алатынын ерекше атап өтті.
«Лудомания — аурудың бір түрі. Тәуелді болатын ауру түрлері ішіндегі ең ауыры деуге болады. Мәселен, тәуелділіктің кез келген түрін (темекі, ішімдік, нашақорлық) психиатр, нарколог мамандары дәрі-дәрмектің, психотерапияның күшімен емдейді. Ал лудоманды емдеудің жолы мүлдем басқаша. Оған ең алдымен отбасындағы жағдай әсер етеді, сол сияқты жоғарыда айтқанымдай генетикалық бейімділіктің әсері бар. Құмар ойындарға тәуелді адамды емдеу үшін тек онымен ғана емес, отбасымен толықтай жұмыс істеу керек. Отбасында кім бар, соның бәрі терапиядан өтуі қажет. Сонда ғана ол адамды емдеп шығуға болады. Оған айналасындағы достары, туысқандары, оның тұрып жатқан үйі әсер етеді. Мидың нейрохимиялық өзгерістері болады. Құмар ойын ойнағанда адамның миына ерекше көп мөлшерде дофамин гармоны бөлінеді. Ол рахаттану сезімін тудырады. Ал уақыт өте келе бұл процесс тәуелділікке әкеліп, ми адамның құмар ойынға қайта-қайта оралуына итермелейді. Себебі, содан алатын ләззатты қайта-қайта сезінгісі келеді. Әрі ол ләззатты тағы бір ләззатқа ауыстырып отырады», — дейді психолог.
Маман адам баласының өзге жаратылыстардың балаларына қарағанда туғанынан бастап әке-шешесінің қамқорлығына тәуелді болып келетінін, яғни тәуелділік адамға тән мінез екенін тілге тиек етіп өтті.
«Лудоманияға себеп болатын тағы бір фактор бар. Ол — күйзеліс және адамның эмоциялық тұрақсыздығы. Әдетте лудомандардың көбісі сол күйзелістен, депрессиядан қашу үшін құмар ойындарға барып жатады. Негізі қобалжу, алаңдаушылық деген сезімнің бәрі депрессия емес. Депрессияға дейін 9 диагноз бар. Ал депрессия деген диагнозды психиатр мамандары ғана қоя алады. Сол сияқты өзін өзі бағалаудың төмендігі де лудоманияға алып баратын факторлардың бірі. Олар өздерін жеңіске жету арқылы маңыздырақ сезінгісі келеді. Өмірде жетістікке жетіп көрмеген, ойын іске асыра алмаған адам құмар ойынға барып, жеңіске жетіп, өзгелерге мақтанамын деп ойлайды. Ал шын мәнінде бүгінге дейін құмар ойын арқылы пайдаға кенеліп, миллионер болып кеткен ешкім жоқ. Миллиондар ұтып алғанның өзінде сол ақшасын қайтадан сол казиноға, құмар ойынға салып бітіреді. Себебі, ол ондай ірі ақшаны өмірінде ұстап көрмеген, оған тіпті дайын да емес. Олар психологиялық тұрақсыз болып келеді. Олар құмар ойын ойнау арқылы өз өмірлеріндегі қиындықтан қашуға, оны мойындамауға, көрмеуге, эмоциялық қиындықтардан алыстауға тырысады», — дейді ол.
ЛУДОМАНДАРДЫҢ ОРТАША ЖАСЫ 20-30-ТА
Маманның айтуынша, адреналин сезімін жақсы көретін адамдар да әдетте лудоманияға бейім келеді екен. Себебі, сол сезімді қайта-қайта басынан өткере бергісі келеді.
«Әлеуметтік факторлар да лудоманияға үлкен әсер етеді. Мысалы, үйінде карта ойнап отыратын әкесін көріп өскен бала құмар ойынға бейім келеді. Сол сияқты араласатын ортасы да әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, жасөспірім шақтан компьютерлік ойындарға қызығушылықтан басталады деп те айтуға болады. Ол тәуелділікті ары қарай үдетуіне әсер етеді. Бізде жасөспірім шақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, 21 жасқа дейін созылады. Ал тәуелділік негізінен 20-30 жас аралығын құрайды. Қаржылық қиындық та соның бір себебі болып келеді. Қарызға белшесінен батқан адам құмар ойыннан ұтып, қарызымнан құтыламын деп ойлайды. Ал түптеп келгенде, қарызынан құтылмайды, қайта еселеп алады», — дейді Назгүл Темірғалиева.
Лудоманияны емдеу жолдары қандай? Бұл ретте маман психологиялық көмекпен қатар, психиатрмен бірлесіп, дәрі-дәрмек тағайындалу керектігін айрықша атап өтті.
«Лудоманиядан емделіп шығуға болады. Бірақ бұл ұзақ процесс болып келеді. Дегенмен, ең алдымен ол адамның тәуелділікке алып келуіне не себеп болғанын анықтап алу керек. Егер жоғарыда аталғандардың біреуі себеп болса, психоаналитик психоанализбен ғана емдеуіне болады. Бұл ретте психолог пен психиатр бірлесіп, ол адамды жекелей емдеу тәсілінің жоспарын құруы қажет. Сол сияқты құмар ойындарға арналған адамдардың құпия орталығы болып, олар сол жерде тәжірибе алмасып, бір-біріне мотивация беріп, қолдау көрсетуі керек. Ол жерге барған адам саналы деңгейде «иә, мен лудоманмын, бұл тәуелділігімнен арылғым келеді» деп барады. Саналы деңгейде барған кезде ол адамды емдеп шығуға болады. Адам өзінің тәуелді болғанын мойындаған кезде ғана оған көмектесуге болады. Өзінің проблемасын мойындау проблеманың 50 пайыз шешімі болып саналады. Ал өзінің лудоман болғанын мойындамай тұрған адамды емдеу мүмкін емес. Ерекше айта кетерлігі, жақындарының қолдауы тәуелді адамға күш береді. Олар үшін отбасылық қолдауы, жақындарының жанынан табылуы, олармен ашық сөйлесе алуы өте маңызды. Себебі, ол ең бірінші жақындарына жақсы көрінгісі келеді. Міне осы факторлар болған жағдайда ғана құмар ойынға тәуелді адамды кешенді түрде емдеп шығуға болады», — дейді Назгүл Темірғалиева.
Психолог сөз арасында өзіне лудомания бойынша келетін клиенттердің ортақ проблемаларын тілге тиек етіп өтті. Айтуынша, олар айналасындағылардың бәріне қарыз, кредиттері көп, тиісінше олар төленбеген, мерзімі өтіп кеткен. Сол сияқты үнемі ақшаларын жоғалтады, отбасылық, әлеуметтік қатынастары нашар күйде, өздерін ылғи кінәлі сезінеді. Ұйқысыздық, мазасыздық олар үшін қалыпты болып кеткен.
«Олар өте тұрақсыз болып келеді. Бізге келгенмен, соңына дейін емделмейді. Алғашқы қабылдауда-ақ проблемасының бәрін бірден шешіп тастағысы келеді. Ал бізге бәрін жан-жақты зерттеу керек. Ата-аналарының қалай үйленгенін, олардың әлеуметтік жағдайын, қарым-қатынасын зерттеп барып қана емдеу әдісін жасаймыз. Эмоциялық тұрақсыз болғандықтан, ұзақмерзімді емдеуге келмей кетеді. Себебі, олар жағдайды әлі толық сезініп тұрған жоқ. Проблемасының негізгі себебін іздеуге талпынбайды», — дейді психолог.
«БУКМЕКЕРДІҢ ЖАРНАМАСЫН ЕМЕС, ОНЫҢ ЗИЯНЫН НАСИХАТТАУ КЕРЕК»
Маман өз сөзінде заңды түрде тыйым салынғанмен, жарнама мәселесі әлі де толықтай шешілмегенін, интернетте жарнаманың жартысы бәс тігетін компаниялардікі екенін ерекше қозғап өтті.
«Қазір құмар ойындардың зияны туралы кеңінен насихатталмай жатыр. Бақытты отбасыларды лудоманияға қарсы күресте үлгі ретінде неғұрлым көрсету керек. Букмекерлердің жарнамасы секілді олардың зияны туралы қазіргіден де кеңірек насихатталса, қоғамда лудоманияның мәселесі азаяр еді. Сол сияқты қолжетімділігі де азаюы керек. Мысалға, Алматыдағы казиноның бәрін Қапшағайға ауыстырған секілді шаралар қабылданғаны жөн. Себебі, Алматыда тұратын адам бір ойын үшін басқа қалаға баруға ерінеді. Қанша дегенмен бұрынғыдай жақын әрі қолжетімді емес. Бізде психологиялық орталықтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Міне осы мәселені мемлекет қолға алса екен деймін. Мысалға, Германияда белгілі бір сағат лудоманның психологқа барып емделуі талап етіледі. Билік сол үшін психологтарға жалақы төлейді. Германияның тәжірибесін өзімізге енгізсек, проблема белгілі бір деңгейде шешілер еді», — дейді ол.
Сөз арасында ол лудоманияға ата-ананың да белгілі бір деңгейде әсері бар екенін айрықша атап өтті.
«Тәуелді адамдарда көп кездесетін жағдай — бала күнінде ата-анасынан тиісті деңгейде қолдау көрмеген. Соның әсерінен баланың бойында өзін-өзі бағалауы төмендейді. Қабылдамаған, мойындалмаған сезімдер. Міне, осылар құмар ойындарға тәуелділік ретінде сыртқа шығады. Бұл эмоциялық аштық деп аталады. Соның әсерінен эмоционалды түрде айналасынан кек алғысы кеп тұрады. Ал ұтыс ойындарын ойнаған кезде қысқа мерзімді жеңістер уақытша қанағат сезімін тудырады. Ал ұтылғаннан кейін баяғы кінәлі сезіміне қайта оралады», — деп психоаналитик Назгүл Темірғалиева сөзін қорытындылады.
СПОРТ САРАПШЫСЫНЫҢ ПІКІРІ ҚАНДАЙ
Осы ретте елімізге танымал спорт комментаторы Ербол Каировтың бәс тігу мәселесіне қатысты ойын білдік. Спорт саласының маманы бәс қабылдайтын компаниялардың жұмысы табысты, ірі бизнес болғанмен, жас ерекшеліктеріне қатысты нақты бір деңгейде шектеулер енгізілуі керек деп санайтынын айтты.
«Букмекерлердің жарнамалары айналамызда көп екені рас. Себебі, бәс қабылдайтын компаниялардың өздері қазір өзара бәсекелесіп жатыр. Бірінен бірі асып түскісі келеді. Бұл өте табысты бизнес көзі болып саналады. Спорт комментаторлары да арасында мұндай жарнамаларды жасап тұрады. Сонда көзім жеткені, жас ерекшеліктеріне байланысты шектеулер қою керек. Кейде мектеп оқушылары, студенттер ақшасын тігіп, азартына кіріп кеткенін көремін. Ұтылған ақшаларын кері қайтарғысы келеді. Сондықтан букмекерлік компанияларға барып, ақша тігетіндердің жасына шектеу енгізуі керек деп ойлаймын. Меніңше, мәселен 23-25 жастан бастап рұқсат беруге болады. Әрі ақшасының да сомасына шектеу қоюы керек. Міне, сонда барып, жұрт ақша табу көзі ретінде емес, тек хоббиі, көңіл көтеру ретінде қарастырады», — дейді Ербол Каиров.