ГлавноеГосорганы

ҚР ИИДМ бұрынғы вице-министрінен элиталық үйлер мен аса қымбат көліктер тәркіленді

Тимур Тоқтабаев кен орындарын заңсыз сатты деген айыппен қамауға алынды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратурамен бірлесіп пайдалы қазбалар кен орындарын берудің заңдылығын тексеру нәтижелері бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесінде әрекет ете отырып, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталды. Бұрын жүргізілген барлау фактісі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған», — делінген ведомство хабарламасында.

Нәтижесінде, лауазымды тұлғалармен үлестес кәсіпкерлер қол қою бонусының ең төменгі құны үшін нарыққа қатысушылардың бәсекелестік, қолжетімділік және тең құқықтылық қағидаттарын бұза отырып, өндіруге дайын кен орындарын алды.

Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет ондаған миллиард теңге алмаған.

«Осы жылдың 7 қарашасында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т. Тоқтабаев ұсталды.

Тергеу соттың санкциясымен Т. Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды», — делінген хабарламада.

Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді.

Айта кетсек, Тимур Тоқтабаев 2019 жылдың ақпанынан 18 желтоқсанына дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып қызмет атқарған.

Другие новости

Back to top button