Қостанайда жоғалған 5 жасар қыз оқиғасы: егіс алқаптарына шар байланған азық-түлік қалдырылды
Қостанай қаласымен іргелес жатқан Жамбыл ауылындағы үйінің терезесінен таңғы сағат жетіде шығып, жоғалып кеткен бес жасар Мәдинаны үш күні бойы іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Қостанайдағы BAQ.KZ тілшісі.
Сол күні кішкентай Мәдинаның анасы үйде болмағандықтан, оны 18 бен 13 жастағы әпкелері бағып отырған. Бірақ, олар жексенбі күні таңертең ұйқыларынан оянғанда қастарында жатқан кішкентай сіңлілерін таба алмай сан соғып қалған. Іле-шала болған жағдайдан хабардар болған анасы қызының терезеден шығып із-түзсіз жоғалып кеткені туралы полицияға хабар түсірген. Осылайша Қостанай облыстық полиция департаментінің жеке құрамы мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері мен еріктілер, қала тұрғындарынан құралған мыңнан астам адам бүлдіршінді ауыл маңындағы барлықң жерлерден іздестіріп жатыр.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері бүлдіршін жоғалып кеткен күннің хронологиясын минутына дейін жасап шығыпты. Кинологиялық қызмет орталығының қызметкері Қайрат Бисембин шынашақтай қыздың таңғы жетіде екінші қабаттағы үйінің ас бөлмесіндегі терезесінен шығып, қабырғадағы газ құбырының көмегімен маңдайшадағы күнқағардың үстіне түскен.
Осы уақытта ауылдағы тарсылдан оянып кеткен көршісі маңдайшада жабысып тұрған Мәдинаны жерге түсіріп, үйіне апармақ болып, есіктерін қағады. Демалыс күні ешбір алаңсыз ұйқыда жатқан жоғалған қыздың әпкелері есіктің тарсылын аңғармапты. Осылайша, көршісі есік қағып жатқанда сытылып шыққан қыз көше бойлап ойын алаңына қарай қашып кеткен.
Сағат 8 сағат 4 минутта Мәдина жол бойындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Сондай-ақ, баланы ауыл тұрғыны көрді. Содан кейін қыз ауыл іргесінен өтетін Қостанай-Введенка тас жолына қарай жүгіріп шыққан. Сағат 8.06-да жалаңаш кішкентай қыз баланы тағы бір ауыл тұрғыны орталық көшеде көреді. Сағат 8.24 -те жалаңаш қызды ауылға келе жатқан тракторшы көреді. Ал, сағат сегіз жарымда үстінде турсиден басқа киімі жоқ кішкентай қызды Қостанайдан ауылға қарай бара жатқан велосипедші көрді. Ең сорақысы, таң атпай тыр жалаңаш көше кезген кішкентай қызды көрген бірнеше ауыл тұрғыны болса да, біреуі барып мән-жайды білмеген. Бейсауыт жүрген баланың тағдырына алаңдамағаны көңіл қынжылтады.
Жамбыл кентінен 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы хабарлама түскен сәттен бастап іздеу іс-шараларын ұйымдастыруды жеке өзім басқарып отырмын. Қазіргі уақытта оны іздеу тікұшақтың көмегімен жүргізілуде. Полицияның іздеу жұмыстарына алғашқы минутынан бастап еріктілер, кент тұрғындары, кішкентай бүлдіршін тағдырына алаңдайтын облыс тұрғындары көмектесуде. Бұл үшін ең алдымен бала өсіріп отырған әке ретінде бәріне алғыс айтамын. Бүгін біз бәріміз нәресте үшін алаңдаймыз. Аман-есен табылуына үміттенеміз. Біз оны табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, — дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.
Кеше күн батып келе жатқан сәтте бүлдіршіннің ауыл іргесіндегі жүгері алқабында жүргені туралы жақсы хабар жылт еткен болатын. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Жоғалған Мәдина жүр деген егіс алқабымен қоса көршілес жатқан 33 және 10 гектардан тұратын екі жүгері егістігі мен екі картоп егістігінің әрбір түбі мұқят тексерілсе де, нәтиже бермеді. Тіпті түнде адамның жылуын анықтайтын арнайы құрылғы да пайдаланыпты.
Түс ауа Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Осы жиында балаға қажетті тамақ пен суды үрілген шарларға байлап, жазық даланың әр жеріне қою туралы шешім қабылданды. Бұл әдіс жоғалған баланы тез табуға көмектеспек. Осы белгіленген жерлерге арнайы күзет қойылды, олар тамақ іздеп келген баланы оңай байқау үшін керек.
Сондай-ақ, бүлдіршінді іздеуге екі тікұшақ пен бір арнайы ұшақ, арнайы дрондар, тіптен мотодельтапланның көмегімен жүргізілуде.
Барлық құқықтар қорғалған. baq.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://baq.kz/madinadan-habar-zhoq-284746/