Қонаевта көпір астынан табылған оқушы антисептиктен уланған – әкімдік (ВИДЕО)
![](https://matritca.kz/wp-content/uploads/2025/02/67a1bee53f707138973703.jpeg-780x470.webp)
Бірнеше күн бұрын журналист Гүлмира Әбіқайдың жеке парақшасында Қонаев қаласында бір топ оқушы ұл баланы көпір астында ұрып-соғып, бала жансақтау бөліміне түсті деген ақпарат тараған болатын. Артынан Алматы облысының полициясы фактіні тіркеп, тергеу бастадық деген. Бүгін Қонаев қаласының әкімдігі осы оқиғаға қатысты мүлде басқа ақпарат таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдік журналист Гүлмира Әбіқай таратқан ақпарат фейк екенін мәлімдеді.
«Журналист Гүлмира Әбіқайдың фейсбук парақшасында кәмелеттік жасқа толмаған баланы жолдастары өлімші етіп сабағаны туралы ақпарат тарады. Бұған дейін полиция басқармасы мәлім еткендей, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеу үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Сондай-ақ білім бөлімі орта мектеп-гимназиясындағы тәртіптік жағдайға қатысты комиссия құрды. Оқушы «Антисептикпен улану» диагнозымен ауруханаға түскен. Қазіргі таңда жағдайы жақсы, ем қабылдап жатыр», — деп хабарлайды қаланың әкімдігі.
Оқушының анасы төбелес болғанын жоққа шығарып, бейнежазба түсірген. Әкімдік оны таратқан.
«Осы жылдың 31 қаңтарында кәмелетке толмаған ұлым жергілікті ауруханаға түсті. Қаланың кіреберіс көпірінің астында ұлымды ешкім соққыға шыққан жоқ және төбелес болған жоқ», — делінген бейнежазбада.
Әкімдік «Қонаевта бұған дейін көпірдің астында төбелес болғаны туралы дерек тіркелмеген. Өзіне-өзі қол жұмсамақ болған бала оқуда озат, ортасында сыйлы оқушы» екенін жазып отыр.