«Қоғамнан жырақта қалдым»: Маңғыстаулық тұрғын бет-әлпетіндегі ерекшелікке ем іздейді
Осыдан 9 жыл бұрын денесін түк басып, елден көмек сұраған Бекзат Тәжіханды ел ұмыта қойған жоқ. Маңғыстаулық отбасы баласына жабысқан дертпен әлі күнге дейін күресіп келеді. Биыл 20 жасқа толған бозбаланың бет-әлпетіндегі айтарлықтай өзгеріс оны қоғамнан оқшаулаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Ата-анасына қатты реніші бар”
Бағдарламаға Бекзаттың әпкесі Рая Хожаева хабарласып, әулеттерінде болып жатқан келеңсіз жағдайды баяндап берді.
“Бекзаттың әкесі – менің туған інім. Әке-шешемізден 10 ағайындымыз. Қазір немерелеріміз дүниеге келіп жатыр. Ешқайсысында потология болған емес. Әулетімізбен алаңдайтынымыз – Бекзат. Қазір Бекзаттың психологиясы өзгерді. Адамдармен араласпайды. Әке-шешесі де әуелден тұйық кісілер болатын. Бұл баладан кейін әулеттегі той-томалаққа да келмейтін болды. Бекзат далаға түнде ғана шығады. Бетінен маскасын тастамайды. Кейде ашуланғанда ата-анасын далаға қуып шығады. Жұмыс істеп, білім алған жоқ. Әкесінің тапқанын салып алады да, өзін үйінен қуып жібереді. Ата-анасына қатты реніші бар. Осыдан 9 жыл бұрын телеарналар келіп түсіріп, көмектесеміз деп кеткен көрінеді. Бірақ сол күйі хабар-ошарсыз кеткен. Бекзат содан кейін қоғамнан көңілі қалды. Бауырымызды көрмегенімізге 10 жылға жуықтады. Үйіне іздеп барсаң, есік-терезесін бітеп алып, ашпай қояды. Бекзатта психологиялық көмек қолын созатындар болса екен дейміз. Күн сайын өсіп келеді, қатарға қосылып кетуін тілейміз”, – деп жан сырын ақтарды әпкесі.
“Өтпелі кезеңде шыққан безеу ісікке ұласты”
Осы орайда әңгімеге Бекзаттың әкесі араласты. Екі ұлды тәрбиелеп отырған әке кіші ұлының да үйден білім алатынын айтты.
“Бекзаттың бетіндегі безеу 14 жасында шықты. Өтпелі кезеңде шыққан безеу болғасын қатты мән бермедік. Кейін көбейе бастады. Үйден тек қараңғыда ғана шығады. Бір ғана дос баласы бар. Сонымен екі сағатқа жүріп қайтады. Маска киіп жүреді. Жергілікті дәрігерлерге де апардық. Олар Алматы қаласына көрсету керек деді. Бірақ ол жақтағылар да нақты диагнозын таппай отыр. Мың адамның біреуінде ғана болады екен. Кейде шешесі екеумізді көргісі келмей үйден кетіңдер деп айқайлайды. Сондай кезде кетіп қаламыз. Ер жетіп келе жатқасын мінезін қабылдауға-ақ тырысып жүрмін. Өзім де екінші топ мүгедегімін. Жүрек жетіспеушілігі бойынша тіркеудемін. Ұлымды емдеткім келеді. Отандық дәрігерлерден көмек сұраймын. Бетіндегі безеуінен бөлек көзі де нашар көреді”, – дейді ем іздеген әке.
“Ауруыма араша табылса, оқуымды жалғастырып, отбасы құрғым келеді”
“Түрімнен ұяламын” деп қоғамнан оқшауланған басты кейіпкер студьяға келіп, бетпердесін шешіп, жан сырын ақтарды.
“Далаға түнде ғана шығамын. Қоғамнан шеттетіліп қалғаным рас. Жұмыс істейін десем адамдармен араласуға тура келеді. Бірақ түрімнен ұяламын. Адамның бәрі менің бетіме қарап тұратындай қатты ыңғайсызданамын. Бала күнімде түкті болып туылдым. Ол кезде де балалар мазақтайтын. Терезеге бетімді жауып алып, отыратынмын. Сол кезде де шыдап жүріп едім. Енді мына безеу келіп қосылды. Таныстарым да осылай жүре бересің бе деп ұрысады. Ауруыма араша табылса, оқуымды жалғастырып, отбасын құрғым келеді. 9-сыныптан кейін еш жерде оқымадым. Колледжге де бетімнен ұялып бара алмай жүрмін”, – дейді бозбала.
Жергілікті дәрігерлер медициналық сақтандыруы болмағандықтан республика көлемінде қарату мүмкін емес екенін айтады. Сонымен қатар кейіпкердің денсаулығындағы кінәратты көзбен көруге білікті мамандар да студияға шақырылған. “Оған кәсіптік бағдар берілуі керек. Сырт келбеті үшін ғана қоғамнан оқшауланып жүр. Егер ол осы күйден арылса қоғамға тез бейімделіп кетеді” , – дейді дерматолог дәрігерлер.
Бағдарлама соңында Дерматология және инфекция институтының дәрігері Бекзаттан алынған сараптама қорытындысын әкелді. Ол жерде қатерлі ісікке қауіп жоқ делінген. Енді Бекзат білікті мамандармен емін бастамақ.