Выбор редакцииГосорганы

«ҚазМұнайГаз» акциясын сатып алудың қарапайым әрі жылдам әдісі әзірленді

 «ҚазМұнайГаз» компаниясының IPO-ға қатысуының барынша қарапайым және жылдам әдісі әзірленді. Бұл туралы Astana International Exchange басқарма төрағасы Ренат Бектұров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің мақсатымыз – табыс деңгейі мен қаржылық сауатына қарамастан Қазақстанның барлық азаматының биржада сауда жасауын жеңілдету. Сондықтан Tabys қосымшасына тікелей жазылу арқылы «ҚазМұнайГаздың» IPO-ға қатысуының барынша қарапайым және жылдам әдісін әзірледік. Сізге бар болғаны тек смартфон, интернет, жеке куәлік пен банк картасы қажет. Бұл ретте тікелей жазылғаны үшін комиссия ұсталмайды. Тек транзакция үшін банктік төлем алынады. Сондай-ақ, біз «Қазпошта» АҚ-мен интеграция жасадық. Тікелей жазылуға өтінімді бүкіл Қазақстан бойынша 1000-нан астам бөлімше арқылы қалдыруға болады», — дейді Ренат Бектұров.

Оның атап өтуінше, тікелей жазылым акцияларды бірден сатуды жоспарламайтын немесе брокерді таңдауға асықпайтын, мұның бәрін кейінірек жасауды жоспарлайтын жандарға өте қолайлы.

«AIX сауда қызметінің 4 жылы ішінде шетелдік және жергілікті инвесторлар өздерін жайлы сезінетін әлемдік деңгейдегі интеграцияланған капитал нарығын құра алдық. Біз ірі қазақстандық компаниялардың IPO-сын табысты өткізіп, тәжірибе жинақтадық. 2018 жылы өткен листинг пен «Қазатомөнеркәсіптің» кейінгі екі SPO-сының нәтижесінде оның акциялары құнының өсімі 383 пайызды құрады. KASPI-ді қосарлы орналастыру да өте сәтті болды – максималды өсім 252 пайыз», — дейді ол.

Ренат Бектұровтың айтуынша, AIX-те сауда жасау арқылы инвестор ашық, әділ және реттелген нарықпен жұмыс істейтіне, мәмілелер бойынша дәл және уақтылы есеп айырысуға, әділ баға бойынша сауда-саттыққа сенім арта алады.

«AIX-те 30-ға жуық қазақстандық және шетелдік брокер тіркелген. Олар арқылы IPO-ға қатысуға және биржада бағалы қағаздармен сауда жасауға болады. Біз еуропалық, америкалық, азиялық және қазақстандық есеп айырысу банктерімен жұмыс істейміз. Бұл геосаяси жағдайға қарамастан AIX-тің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті басқарма төрағасы.

Айта кетейік, Astana International Exchange (AIX) 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды.

AIX миссиясы – жергілікті және шетелдік инвесторларды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және Орталық Азия өңірінде капиталдың белсенді нарығын дамыту, сондай-ақ жеке бизнес пен жалпы экономиканың өсуін қаржыландыруға арналған платформа құру.

Другие новости

Back to top button