Госорганы

«Қазфосфат» зауыты мемлекетке 697 млн теңгеге залал өтеді

 «Қазфосфат» зауыты аммофос тыңайтқышын жоғары бағамен сатқан. Аталған факт бойынша тергеу жүргізілді. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Қазфосфат» ЖШС зауытына қатысты аммофосқа жоғары баға белгілеу фактісі бойынша қатысты тергеу жүргізілді. Өткен жылы қарашада аммофос бағасының 125 000 теңгеден 168 750 теңгеге дейін өсуі байқалды. Ал биыл жыл басынан бері бағаның өсуі 35%-ды құрады. Биыл қаңтарда аммофос бағасы 185 625 теңгеден тұрды. Осылайша 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда баға 48,5%-ға өскен», — деді Болат Сәмбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

 

Оның айтуынша, тергеу нәтижесінде «Қазфосфат» зауыты аммофос бағасын 185 мың теңгеден 173 мың теңгеге төмендетті.

 

«Сондай-ақ, аталған мекеме клиенттерге аммофосты сату бойынша ескі және жаңа баға арасындағы айырмашылықты қайтара бастады. Кәсіпорынның мәліметі бойынша баға айырмашылығының жиынтық сомасы 2,8 млрд теңгені құрады. Одан бөлек, «Қазфосфат» зауыты мемлекетке 697 млн теңге көлемінде залал өтеді», — дейді ол.

 

Бұған дейін агенттік төрағасының орынбасары Болат Сәметов Яндекс.Такси қызметінің бағасына қатысты іс сотта қаралып жатқаны туралы хабарлаған еді.

 

Сондай-ақ, брифинг барысында «Air Astana» әуе компаниясының үстінен қозғалған іс әкімшілік сотта қаралып жатқаны айтылды.

Другие новости

Back to top button