Қазақстанның жеті облысында 21 мың киік қырылып қалған – ресми ақпарат

Биыл қыста еліміздің бірнеше облысында 21 мыңға жуық киік қырылып қалған. Бұл туралы Azattyq Rýhy редакциясына Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары аумағында табиғи өлімге ұшыраған киіктердің өлекселерін жинау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 сәуірге дейін табиғи өлімге ұшыраған 20 980 киіктің ұшалары жиналып, мал молаларында жойылды», — делінген министрліктің ресми сауалға берген жауабында.
Қауіпті аурулардың алдын алу үшін ветеринариялық қызмет өлекселерден сынама алған. Осы күнге дейін жүргізілген сараптамалардың қорытындысы бойынша аса қауіпті аурулар анықталмаған.
Зоология институты мамандарының айтуынша, қалыпты жағдайда киіктердің жыл сайынғы табиғи өлімі жалпы санының шамамен 20 пайызын құрайды, ал аталықтарының 50 пайызы өлуі мүмкін. Киік мекен ететін аумақтарда мұндай табиғи құбылыс жиі кездеседі, дейді экология министрлігі.
2024 жылғы есепке сәйкес Қазақстан аумағында киіктердің саны 4,1 миллион басқа жеткен.
«Қазір киік популяциясын басқару бойынша ғылыми негізделген зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар шекті сандық көрсеткішті, көші-қон бағыттарын және реттеу тетіктерін анықтауға бағытталған», — дейді ведомстводағылар.