Қазақстанның 158 азаматы Африка мен Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр

Қазақстанның 158 азаматы дәл қазіргі уақытта Африка мен Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысу жоспарланып отыр. Осылайша, Қазақстан жер жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға белсенді түрде атсалыса бермек.
«Қарулы күштер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты тіректерінің бірі. Ең алдымен, сарбаздары мен офицерлерінің рухы асқақ, кәсіби деңгейі жоғары, жауынгерлік машығы мінсіз, тәртіп пен тазалықты мүлтіксіз сақтайтын әскер қуатты болады. Армия – қайсарлыққа баулитын, жігерді жанитын нағыз мектеп. Сіздер азаматтық борыш пен әскери антқа адалдық танытып, шынайы патриотизмнің үлгісін көрсеттіңіздер. Мінсіз қызметтеріңіз өскелең ұрпаққа өнеге. Мемлекет басшысы ретінде мен қауіпсіздік және құқық қорғау саласына әрдайым айрықша көңіл бөлемін. Жақында Ақордада арнаулы жасақтар арасындағы беделді халықаралық жарыстан жүлдемен оралған күштік құрылым қызметкерлерін марапаттадық. Жалпы, әскери бөлімдер мен күштік құрылымдардың беделі мен даярлық деңгейі едәуір өсті. Құқық қорғау және арнаулы органдар қылмыспен күресте, терроризм мен есірткі бизнесінің жолына тосқауыл қоюда тиімділігін көрсетіп келеді. Алайда босаңсуға мүлде болмайды. Алдымызда мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту міндеті тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз ел болуға тиіс деп санайды. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шара қабылданып жатыр.
«Заң мен тәртіп», отаншылдық пен жауапкершілік – әскери қызметшілерге ғана емес, еліміздің барлық азаматтарына ортақ аса маңызды құндылықтар. Осы жасампаз қасиеттер қоғамда жан-жақты дәріптелуге тиіс. Себебі біз қазір бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.