Главное

Қазақстандықтар той мен отбасылық мерекелерге жылына 1 миллион теңге жұмсайды – Зерттеу

ҚБТУ түлегі Дарина Мамырова қазақстандық отбасылар түрлі мерекелер мен тойларға жұмсайтын ақша туралы зерттеу дайындап, әр отбасы жыл сайын орташа есеппен 1 ​​012 429 теңге жұмсайтынын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Салтанатты іс-шаралар, оның ішінде үйлену тойлары, мерейтойлар, жерлеу, қоныс тойларға, т.б. ай сайынғы шығынның 30-40%-ы кетеді. Жан басына шаққанда мерекелерге жұмсалатын жылдық сома – шамамен 78 184 теңге.

Ең көп шығындалатын той – үйлену тойы. Қыз ұзату орта есеппен 1,75 миллион теңге болса, үйлену 1,68 миллион теңге болады.

Қоныс той немесе көлік алғанын тойлауға шамамен 1 миллион теңге жұмсайды.

Мерейтойлар шамамен 834 мың теңгеге бағаланады. Жерлеу рәсімін өткізу 820 мың теңге тұрады. Баланың туған күнін тойлауға кететін шығын – орта есеппен 523 мың теңге.

Қазақстандықтар қонақ болғаны үшін де шығындалады. Мысалы үйлену тойға қонақтардың сыйлығы – шамамен 927 мың теңге. Ал бесік той сынды қуанышқа 362 мың теңге жұмсайды.

Қазақстандықтардың қарызы

Зерттеуге сәйкес, елдегі отбасылардың 30%-ының негізінен банктерден (66%) және микрокредиттік ұйымдардан (17%) алған несиелері бар. Дегенмен жалпы Қазақстан бойынша ресми статистика халық арасындағы берешек деңгейінің әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді.

  • Елдің ересек тұрғындарының 84%-ында қарыз бар.
  • 90 күннен астам қарызын кешіктірген несие төлемдері – 1,4 трлн теңге.
  • 1 миллион 700 мыңға жуық адам несиесін уақытында төлей алмай отыр.

2023 жылдың наурыз айынан бері жеке тұлғалардың банкроттығына 77 мыңнан астам өтініш берілген.

Алайда зерттеу авторы мереке мен той үшін арнайы алатын несиелерді таппады.

Сараптамаға сәйкес, жас отбасылар мерекелерге ақшаны көбірек жұмсайды. Ал жасы үлкен және отбасы мүшелерінің арасында қарт туыстары бар жанұялар салтанатты шараларға аз жұмсайды.

Зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың көбіне несиені пайдаланбай, өзі жинаған ақшасын немесе алған сыйлықтарын пайдаланып, ауқымды той ұйымдастыруды жөн санайтынын көрсетеді. Бұл ретте халықтың қарыздарының артуы басқа да әлеуметтік-экономикалық факторлармен, соның ішінде тұтынушылық несиелердің өсуімен және көпбалалы болуымен байланысты.

Другие новости

Back to top button